Норвегия билігі Ресеймен шекарада қоршау тұрғызу мәселесін қарастырып жатыр. Бұл туралы елдің әділет министрі Эмили Энгер Мель айтты деп жазды BBC агенттігі.
Оның сөзінше, қоршау құрлықта 198 шақырымға созылған шекара бойына түгел немесе бір бөлігіне салынуы мүмкін.
"Шекарадағы қоршау тосқауыл ретінде ғана емес, оған жақындаған адамдарды анықтауға мүмкіндік беретін жүйемен және технологияларымен де қызықтырады. Мұндай қоршау енді Норвегияда да шындыққа айналуы мүмкін. Бұл шара шекараның барлық немесе бір бөлігіне қатысты болуы мүмкін", – деді Норвегия әділет министрі NRK арнасына берген сұхбатында.
BBC агенттігінің хабарлауынша, Норвегия жақында Ресеймен шекарада 200 шақырым қоршау тұрғызуды жоспарлап отырған Финляндиядан шабыт алған.
Норвегия әділет министрі Эмили Энгер Мельдің айтуынша, ел билігі шекараға байланысты басқа шараларды да қарастырып жатыр, соның ішінде шекарашылар санын көбейтіп, көлікпен өтуге болатын жалғыз "Стурскуг" (Ресей жағында "Борисоглебск" деп аталады) бекетінде бақылауды күшейтуі мүмкін.
Норвегия 2015 жылы Ресей аумағынан Сирия, Ауғанстан және Ирактан бес мыңнан астам босқын келгеннен кейін осы шекара бекетінде биіктігі 3,5 метр, ұзындығы - 200 метр қоршау салған.
NRK арнасының мәліметінше, былтыр Норвегия полициясы Украинада соғыс басталғалы бері Ресейден шекараны заңсыз кесіп өту бойынша үш жағдай тіркелді деп хабарлаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Финляндия Ресеймен шекарасына дуал тұрғызбақшы