Ташкентте сот қаладағы №188 мектепте орыс тілі сабағында 6-сынып оқушысына қол көтерген мұғалімге 6,8 млн сум (534 АҚШ доллары) айыппұл салды. Ал мектеп директоры орнынан босатылды деп хабарлады "Газета.uz" сайты.
Басылым мәліметінше, мұғалім болып істеген әйел ресми түрде еш жерде жұмысқа тұрмаған, 2014 жылдан бері Ресей мен Қазақстанға табыс табуға барып жүрген. 23 қыркүйекте ол №188 мектептің меңгерушісі қызметіне сұхбатқа барған. Мектеп директоры тиісті құжаттар рәсімдемей, әйелді тағылымдамадан өтуші ретінде 6-сыныптарға орыс тілі мен әдебиеттен сабақ беретін оқытушы етіп қойған.
Сот әйелді "Қорлау" және "Қасақана жеңіл дене жарақатын салу" бабы бойынша айыпты деп таныды. "Газета.uz" сайтының хабарлауынша, 25 қыркүйекте әйелді оның қызы оқитын №204 мектеп директорының орынбасарын ұрғаны үшін жеті күнге қамаған. Оған "ұсақ бұзақылық жасады", "ішкі істер органы қызметкерінің талаптарын орындамады" және "педагогтың кәсіби қызметіне заңсыз араласты" деген айып таққан.
Бұл оқиғаға байланысты Ресей сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мария Захарова пікір білдірген. Ол осы жайт бойынша Мәскеу Ташкенттен ресми түсініктеме беруді сұрады деді. Захарова бұл оқиғаны зерттеп, мұғалімге қарсы шара қолдануға шақырған.
Өзбекстан парламенті төменгі палатасы төрағасының орынбасары Әлішер Қадыров телеграм-арнасында Захароваға жауап беріп, "Өзбекстан мектебінде өзбек баланың құқығы бұзылғанын анықтау өзбек заңдарына сай жүреді. [Ресей] біздің ішкі ісімізге араласқанша, бір басына жетіп-артылып жатқан өз мәселелерін шешсе, жақсы болар еді. Жоқ жерден шу шығарудың қажеті жоқ" деді.
23 қыркүйекте болған бұл оқиғада орыс тілі мұғалімі 10 жастағы баланың құлағын бұрап, бетінен ұрған. Бұған оқушының мұғалімнен "неге орысша сөйлемейсіз?" деп сұрауы себеп болған. Оқиға сәтінен түсірілген видео интернетте кең тарап, ресейлік қолданушылар видеоны қызу талқылаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ташкент батылы бармаған мәлімдемелерді "өзбектің Жириновскийі" айтады