Қостанайда "сыпайы адамдар" туралы жазбаны репост жасаған белсенді 20 тәулікке қамалды

Айыратын белгісі жоқ әскери форма киген әскери қызметкерлер Симферополь әуежайы маңын бақылап тұр. 28 ақпан 2014 жыл.

Қостанай қаласының әкімшілік соты "жала жабу" бабы бойынша айыпталған азаматтық белсенді Сергей Зинченконы 20 тәулікке қамады. Бұл жөнінде "Наша газета" басылымы хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, бұған дейін әлеуметтік желіде "сыпайы адамдар" деген жазуы бар (2014 жылы Қырымды басып алған ресейлік сарбаздарды жұрт «сыпайы адамдар» деп атап кеткен) және нөмірінде Калашников автоматының суреті бар Қостанай тұрғыны Татьяна Г.-ға тиесілі көліктің суреті тараған.

Басылымның жазуынша, суретті "Қостанайдың сепаратистері" деген жазумен алматылық блогерлер таратқан.

Сотта Сергей Зинченко суретті Facebook желісінен көріп қалып, өзінің парақшасында қайталап басқанын айтады. Одан кейін Instagram желісіне Уикипедиядағы анықтамасымен бірге шығарған.

Көлік иесі Татьяна Г.-ның айтуынша, әлеуметтік желіде өзінің көлігінің суреті тарағаннан кейін кейбір қолданушылар оны "сепаратист", "оккупантка" деп атай бастаған.

Оның айтуынша, 13 қыркүйекте оны полицияға шақырып, "сыпайы адамдар" деген жазуды алап тастауды өтінген. Полиция қызметкерлері Зинченконың жазбасына сүйенген. Осыдан кейін көлік иесі Татьяна Г. белсендіні "жала жабу" бабымен әкімшілік жауапқа тартуды сұраған. Ол сотта "сыпайы адамдар" деген жазудың мәнін білмейтінін айтқан.

"Наша газета" басылымының жазуынша, сотқа Сергей Зинченконы қолдап бірнеше адам келген. Белсенді сотта өзіне тағылған айыптармен келіспеген.

Белсендінің адвокаты сотта өзі қорғап отырған азаматтың әрекетінде құқықбұзушылық жоқ екенін алға тартып, әкімшілік істі тоқтатуды сұраған. Қорғаушы белсенді қайталап басқан жазбада көлік иесінің жеке деректері жазылмағанын атап көрсеткен.

Сот Зинченконы әкімшілік кодекстің 73–3 бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 20 тәулікке қамады.

"Просто журналистика" жобасының авторы Лұқпан Ахмедияровтың хабарлауынша, Зинченконы сот залында тұтқындап, бірден әкімшілік қамауға алынғандарға арналған арнайы қабылдау орнына алып кеткен.

Адвокат Дамир Хамитов шешімге шағым түсіретінін айтты.

Сот шешімі әлі күшіне енбеді.

2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Қазақстан аймақтарында полиция көліктерден соғысты қолдау белгісіне айналып кеткен Z және V таңбалары бар жапсырмаларды жұлған. Полицияның сөзінше, бұл көлікті пайдалану туралы ережеге қайшы.