ХАМАС Тель-Авивтегі терактіге қатысы барын мәлімдеді

Яффо ауданындағы теракт орны, Тель-Авив, Израиль, 1 қазан 2024 жыл.

Палестиналық ХАМАС қарулы тобы (АҚШ пен ЕО-да террористік ұйым деп танылған) 1 қазанда Тель-Авивте болған терактіні ұйымдастырғанын мәлімдеді. Бұл жөнінде The Times of Israel басылымы жазды.

Шабуылдаушы екі адам - Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы Хеврон тұрғындары аталған қарулы топтың мүшесі болған. Олар әуелі трамвайда оқ атып, кейін Яффо ауданындағы аялдамада айналаға оқ жаудырған.

Кейінгі мәлімет бойынша, 19 жастағы шабуылдаушы ұстау кезінде атып өлтірілген. Екінші күдікті 25 жаста. Ол ауыр жарақатпен ұсталған. Терактіден кейін екеуі де өлтірілгені хабарланған.

Терактіден жеті адам қаза болды. Арасында 9 айлық нәрестенің анасы да бар. Нәресте тірі қалған. Теракт кезінде Грузия мен Грекия азаматтары да оққа ұшқан. 16 азамат жараланған, арасында Украинада туып өскен азамат бар.

Тель-Авивте атыс Иран Израильге ракетамен жаппай шабуылдап, әуе дабылы іске қосылған кезде болған. Сол күні Иран Израиль аумағына шамамен 180 баллистикалық ракета жіберген.

2 қазанға қараған түні Израиль арнайы қызметі терактіге қатысы бар деген күдікпен бірнеше адамды ұстаған.