Ресей әскері 3 қазанға қараған түні Киевті "Шахед" дрондарымен соққылады, қалада әуе дабылы бес сағаттан астам уақыт бойы басылмады. Әуе қорғаныс жүйесі Украина астанасына қарай ұшқан барлық дронды атып түсірді деп хабарлады Киев қалалық әкімшілігінің жетекшісі Сергей Попко.
"Әуе дабылы астанада бес сағаттан астам уақытқа созылды. Қарсылас жақ дрондардың алғашқы легін жарым түнде жіберген, бірақ түні бойы жаңа дрондар қосыла берді. Алайда бірде-бір ресейлік дрон көздеген нысанаға жеткен жоқ" деп жазды телеграм-арнасында.
Киев қалалық әкімшілігі жетекшісінің сөзінше, әуе қорғаныс жүйесі "Киев төбесі мен маңынан 15 шақты дронды атып құлатқан". Попконың сөзінше, дрон бөлшектері қаланың Деснянск ауданына түскен.
"Қайта салдары аз болды – ештеңе қираған жоқ, өрт болған жоқ, зардап шеккендер туралы мәлімет түскен жоқ" деді Попко.
2 қазанда Ресей әскері Харьковке авиациялық бомбалармен соққы жасаған. 12 адам зардап шеккен, арасында 12 жасар қыз да бар.
Харьков облысының әскери әкімшілігі жетекшісі Олег Синегубовтың айтуынша, соққының нәтижесінде Салтовка ауданында бес қабатты үйдің үшінші және төртінші қабатынан өрт шыққан. Үйінді астында адамдар қалған болуы мүмкін деп айтылады.