Қазақстанның 12 қаласында белсенділердің АЭС-ке қатысты митинг өткізу туралы 45 өтініші қабылданбады. Бұл жөнінде Qaharman Kz Facebook парақшасында хабарлап, әкімдіктің берген жауабының көшірмелерін жариялады.
"25-30 қыркүйекте Астана, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Семей қалаларының жергілікті атқару органдары азаматтық белсенділердің 6 қазан референдум күні бейбіт жиын өткізу туралы өтініштерін кері қақты. Сағат 10 мен 12 және 14 пен 16 аралығында арнайы орындарда митинг өкізетіні жөнінде әрбір қаладан төрт-төрттен ескерту-хабарлама берілді. Тақырыптары: STOP АЭС. АЭС КЕРЕК ЕМЕС" деп жазылған бақылау тобының хабарламасында.
Әкімдіктер олардың барлық өтінішін орындамаған. Астана, Қарағанды қалаларының әкімдіктері 6 қазан күні "жоспарланған шара" өтетінін айтса, Семей қалалық әкімдігі жексенбі күні аумақты абаттандыру және көшені жарықтандыру элементтерін орнату жұмыстары жүретінін айтқан. Орал мен Шымкентте "өтініш берушінің өзі жөнінде толымды ақпарат бермегенін" алға тартқан. Петропавлда өтініш беруші "жиын регламентін көрсетпеді" деген.
Ал Ақтөбеде жергілікті билік "2024 жылдың 29 наурызынан бері күшінде болған жергілікті масштабтағы төтенше жағдай күшінде" деп жауап берген. Ақтау әкімдігі 6 қазанда "Орыс әндері қорының 55 жылдығына орай мерекелік концерт өтетінін" айтқан. Көкшетау мен Қостанай әкімдіктері референдумға бір күн қалғанда және референдум өтетін күні үгіт-насихатқа тыйым салынатынын айтып, өтінішті орындамаған.
Qaharman Kz-тің хабарлауынша, Қазақстанның 12 қаласында жалпы саны 45 ескерту-хабарлама берілген. Ешқайсысына рұқсат берілмеген.
Qaharman құқық қорғау бастамасының мәліметіне сәйкес, 2020 жылғы 30 шілдеден 2024 жылғы 1 қазанға дейін ActivistsNotExtremists тобы 22 қала мен елді мекенде бейбіт наразылық, шеру, жалғыз адам пикетін өткізу бойынша кемінде 662 өтініш кері қайтқанын есептеген, оның ішінде 2024 жылы 84 рет рұқсат ала алмаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Алматыда оннан аса белсендінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Олар мұны АЭС референдумымен байланыстырады2 қыркүйекте парламент мінберінен халыққа жолдау жасаған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр станциясын салу жөніндегі референдум 6 қазанда өтеді деп мәлімдеді. Тоқаев энергия өндірудің бұл түріне қолдау білдіріп, Қазақстан "энергия көзінің сенімді де экологиялық таза түріне" мұқтаж екенін, АЭС "экономиканың жылдам өсіп жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыратынын" айтты.
Сол күні референдумда қазақстандықтарға қойылатын сауал да нақтыланды. 6 қазанда жұртшылық "Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" деген сұраққа жауап береді.
Қазақстанда АЭС құрылысы бойынша халық пікірі сан алуан. АЭС-ке қарсылар ескі инфрақұрылымды жаңартып, энергия тиімділігін арттыруға болады, жасыл энергия нарығында да потенциалды жобалар көп дейді. АЭС-ті жақтайтындар Қазақстанда энергия тапшылығы барған сайын ушыға бермек, атом энергиясы жылу және су электр станцияларына балама бола алатын тұрақты энергия көзі, жел мен күн энергиясы өндіретін қуат тұрақсыз деген уәж айтып жүр.
Қазақстанда 2020 жылы "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң қабылданғанымен, құқық қорғаушылар азаматтардың бейбіт жиын өткізу және жиналу құқығы әлі шектеліп отырғанын сынға алып келеді. Көп жағдайда азаматтардың бейбіт шеру өткізу туралы өтініштері орындалмайды. Ал "рұқсат етілмеген" шараға барғандар әдетте ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Астананы осы шектеулерді алып тастауға үндеген.