Курск губернаторы: Курчатов ауданындағы жарылыстың АЭС-ке қатысы жоқ

Курск АЭС-і.

Курск облысының губернаторы Алексей Смирнов Курск АЭС-і орналасқан Курчатов аумағында болған жарылысты украиналық дронды жоюмен байланыстырды.

Шенеуніктің айтуынша, дрон радиолектронды күрес құралдарымен "басып жойылған".

"[Дрон құлаған жердегі] шаруашылық нысанында жарылыс болды, оның Курск атом электр станциясына қатысы жоқ" деп жазды Смирнов өз телеграм-арнасында.

Бейсенбі күні ресейлік телеграм-арналар Курск АЭС-інен бірнеше шақырым жерде жарылыс болғанын хабарлаған. Бұл жөнінде BBC-дің Орыс қызметі де жазды. Телеграм-арналар алыстан түсірілген өрттің суреті мен видеосын жариялады, алайда ақпаратты тексеру керек деп жазды BBC.

Ақпаратқа түсініктеме сұраған журналистерге Росэнергоатом өкілдері Курск АЭС-і штатты режимде жұмыс істеп тұрғанын айтты. Кейінірек ведомствоның баспасөз қызметіне сүйенген агенттіктер атом станциясы Украина қарулы күштерінің шабуылынан кейін қалыпты режимде жұмыс істеп жатқанын, аумақта радиация қалыпты мөлшерде екенін мәлімдеді.

Ал Украина арнайы қызметіндегі дереккөзге сүйенген "Суспільне" арнасы Курчатов маңындағы шабуылға Украина күштерінің қатысы барын жоққа шығарды.

"Ресейліктер Курчатовта қандай да бір өрт болғанын көрсетіп жатыр. Видеодан жарылыс та көрінеді. АЭС-ті атқылады деген несі? Ол аумақ алыс жатыр" деді Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің жалған ақпаратқа қарсы күрес орталығының басшысы Андрей Коваленко.

Украина сыртқы істер министрлігінің өкілі Георгий Тихий кейінірек Киев "ресейлік ақпарат құралдарының украин күштерінің Курск АЭС-і немесе оның маңына соққысы туралы ақпаратты үзілді-кесілді жоққа шығарады" деді.

"Ресейлік оккупанттардан айырмашылығымыз, украин күштері халықаралық гуманитарлық құқықты қатаң ұстанады және бейбіт тұрғындарға немесе азаматтық инфрақұрылымға шабуыл жасамайды" деді Тихий.

  • 2024 жылы 6 тамызда Ресейдің Курск облысы аумағына Украина жасағы кірген. Содан бері аймақта шайқас жүріп жатыр. Украина әскері аудан орталығы Суджа мен ондаған елді мекенді бақылауға алғанын хабарлаған. Ресей билігі мұндай ақпаратты жоққа шығарады немесе түсініктеме бермейді.