Референдумда 64 пайыз адам дауыс берді - ОРК

Астанада референдумда дауыс беріп жатқан адам. 6 қазан 2024 жыл.

Орталық референдум комиссиясы (ОРК) АЭС құрылысы бойынша референдумға қатысу белсенділігі алдын ала дерек бойынша 63,87 пайыз болғанын мәлімдеді. Бұл — 7 820 918 адам.

Референдумға қатысу көрсеткіші бойынша Қызылорда облысы (ресми мәлімет бойынша, сайлаушылардың 82,48 % дауыс берген) алда тұр. Ең төмен көрсеткіш Алматыда (25,39%) тіркелген. Астанада бұл көрсеткіш (50,81%) екі еседен де көп.

Елдегі он мыңнан аса дауыс беру учаскелері 20.00-де жабылады. ОРК референдум нәтижесі дүйсенбі, 7 қазанда жарияланатынын мәлімдеді.

Жұртшылық "Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" деген сұраққа жауап берді. Бюллетеньде "Иә" немесе "жоқ" деген екі жауап көрсетілді. Дауыс беру кезінде тәуелсіз бақылаушылардың біразы өздеріне кедергі келтірілгенін мәлімдеді. Түркістан облысында бір учаскеде тәуелсіз бақылаушы бюллетеньді топтап тастау фактісін тіркеген.

АЭС салу идеясын президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы ұсынған еді. Президент АЭС құрылысын халық шешуі керек дегенімен, өзі де, билікшіл "Аманат" партиясы да АЭС құрылысын ашық қолдады. Дегенмен бұл жоспар қоғамның бір бөлігінен қарсылыққа ұшыраған. АЭС салуға қарсылар станцияда апат болса бүкіл ел зардап шегетініне алаңдаған. Бұл құрылысты қолдайтында атом реакторы елдегі энергия мәселесін толық шешетінін айтқан.

Қазақстан референдум қорытындысы бойынша халық АЭС керек деп шешсе, атом реакторын Алматы облысындағы Үлкен ауылына салмақ. Экобелсенділер АЭС құрылысы Балқаш көлінің тартылуына әкеп соғады деп дабыл қаққан еді. Бұған қоса, станцияға қарсылар Алматы облысында жер сілкінісі қаупі барын да айтқан.

"Қазақстанның атом электр станциялары" компаниясының бас директоры Тимур Жантикин "АЭС Балқаш көлінің суын пайдаланғанымен, оған ешқандай зиян тигізбейді, себебі АЭС-ке пайдаланылған су көлге қайта құйылмайды" деген еді. Жантикин "атом электр станциясын 9 балға дейін жер сілкінісіне шыдамды етіп салуға болатынын" да мәлімдеген.

Ал үкімет қалпына келтірілетін күн және жел энергиясына қосымша энергия көзі керегін айтқан. Сондай-ақ Қазақстан әлемде уран өндірісі бойынша лидер болғандықтан, билік "атом энергиясы ақылға қонымды таңдау" деген еді.