"Қазақмыс" корпорациясы 7 қазанда Қарағанды облысы Балқаш қаласы маңындағы "Саяқ" шахтасында екі жұмысшысы қаза болғанын растады.
Компания төтенше жағдайдан неше жұмысшы зардап шеккенін айтпады. Кейін облыс әкімдігі екі адам қаза тауып, тағы бір жұмысшы зардап шекті деп хабарлады.
"Шахтада ауаға газ тараған. Жұмысшылардың бәрін дереу эвакуациялаған. Зардап шеккендерді жақын маңдағы медициналық мекемелерге апарған. Өкінішке қарай, екі жұмысшы қаза болды. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. Марқұмдардың үй ішіне қажет көмек көрсетіледі" деп хабарлады "Қазақмыс" корпорациясы.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы Балқаш ауруханасына түскен жұмысшының жағдайы орташа ауыр деп мәлімдеді.
"Алдын ала диагнозға сәйкес, газдан уланған" деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Шахтадағы төтенше жағдай 5 қазан кешке болған, бірақ бұл оқиға туралы хабар 6 қазанда ақпарат құралдарында тарай бастады. Корпорация 6 қазанда Азаттыққа ақпаратты анықтайтынын айтып, жұмысшылар қазасын нақты растамаған еді.
7 қазан таңертең Қарағанды облысының полиция департаменті Қылмыстық кодекстің "Тау-кен істерін жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу" бабы (277-бабы 2-бөлігі) бойынша іс қозғалғанын хабарлады.
Бұған дейін еңбек инспекциясы комиссия құрылды деп хабарлап, "Қазақмыс" корпорациясының Саяқ кенішінде "газдан улану" оқиғасы болғанын мәлімдеді.
"Саяқ" кен орны Қарағанды облысы Балқаш қаласында орналасқан. Онда мыс сульфиді өндіріледі. "Қазақмыс" корпорациясының Балқаштағы өндіріс орнында үш кеніш, байыту фабрикасы, мыс балқыту зауыты және жылу электр станциясы бар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қазақмыс" кенішіндегі төтенше жағдайды билік "жазатайым оқиға" деді, компания адамдар қаза тапқанын хабарламады