Израиль армиясы "Хезболла" нысандарына шабуылды күшейтті

"Хезболла" мен Израиль армиясы арасындағы қақтығыс жалғасып жатыр. 7 қазан, 2024 жыл.

7 қазанда шииттік "Хезболла" радикал тобы Израиль аумағына 130-дан астам ракета атты. Әскери бақылаушылардың хабарлауынша, кеше Израиль Ливанға шабуылын күшейтуге дайын екенін көрсеткен. Бұл туралы Reuters агенттігі жазды.

Ливанда орналасқан "Хезболла" тобы Израильдегі Хайфа қаласының оңтүстігіндегі әскери базаны "Фади-1" зымыранымен атқылағанын айтты. "Хезболла" шекарадан 65 шақырым жерде орналасқан Тиберия қаласына да шабуыл жасаған.

Ал Израиль армиясы елдің әскери авиациясы Ливанның оңтүстігіндегі "Хезболла" нысандарын бомбалады деп мәлімдеді.

7 қазанда Ақ үйде журналистер алдына шыққан АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Мэтью Миллердің айтуынша, Вашингтон Израильдің Ливандағы операциясын "шектеулі" деп санайды.

Былтыр қазанда Газаны бақылайтын ХАМАС тобы Израильге тұтқиылдан басып кіріп, мыңнан астам адамды өлтіріп, 200-ден астамын кепілге әкеткен. Бұған жауап ретінде Израиль Палестинаның Газа аймағында соғыс бастаған. ХАМАС-ты АҚШ пен Еуропа Одағы террористік деп таныған.

ХАМАС бақылауындағы Газаның денсаулық сақтау министрлігі бір жылда Израиль операциясынан 42 мыңға жуық палестиналық қаза тапты деп мәлімдеді. Израиль армиясы ХАМАС-пен соғыс басталғалы бері 727 сарбазы қаза тапқанын, ел аумағына 25 мың зымыран атылғанын хабарлады.

ХАМАС тобы 2023 жылы қазанда Израильге шабуыл жасағаннан кейін "Хезболла" тобы Израильдің солтүстігін атқылаған. Израиль бұған жауап ретінде "Хезболла" нысандарына соққы бере бастаған.

Қазір Израиль мен "Хезболла" тобы арасында қақтығыс жүріп жатыр. Бұл – екі тараптың қазіргі қақтығысындағы ең ірі ракеталық шабуыл.

АҚШ пен Израиль "Хезболланы" террористік ұйым деп атайды. Ал Еуропа одағы "Хезболланың" қарулы қанатын ғана террористік деп таныған. Ливандағы ықпалды топты Иран қолдап отыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ 41 мың мәйіт, 95 мың жаралы, 1,9 млн босқын. Газадағы соғысқа - бір жыл