Алматыда 1 АҚШ доллары 490 теңгеден бастап сатыла бастады.
Алматыдағы айырбастау пунктеріндегі валюта бағамын көрсететін Kurs.kz сайтының мәліметінше, сағат 12:30-да қалада кейбір пунктерде бір доллар – 490 теңге, кейбірінде 491 теңгеден сатылып жатты.
"Екі күннің ішінде доллар 8 теңгеге өсіп кетті. Бүгін 490 теңгеден сатып жатырмыз. Қазақстан биржасындағы сауда нәтижесіне қарап қоямыз бағаларды. Негізі рубльдің құлауына байланысты қымбаттап жатыр деп айтылады" дейді Алматыдағы айырбастау пунктеріндегі қызметкер.
Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында, бір күн бұрынғы сауда нәтижесіндегі доллар бағамы (486,58 теңге) көрсетілген.
Ұлттық банктің сайтында доллар бағамы 486.44 теңге деп көрсетілген.
Тengenomika телеграм-арнасының жазуынша, теңге осыншалықты дәрежеде соңғы рет 2022 жылы наурызда – Ресей Украинаға басып кіріп, батыс елдері Мәскеуге ірі экономикалық санкция салған кезде құлдыраған. Санкцияның салдарынан рубль құлдырап, ізінше теңде де құнсызданған.