Бішкектің Ленин аудандық сотында Temirov LIVE және "Айт, Айт десе" жобаларының бұрынғы және қазіргі 11 журналисінің ісі бойынша үкім оқылды. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.
Сот Temirov LIVE жобасының жетекшісі Махаббат Тәжібекқызын – 6 жылға, "Айт, Айт десе" жобасының қызметкері Азамата Есенбековті 5 жылға еркіндігінен айырды.
Сот "Алға Медиа" қызметкері Актілек Қапаров пен Temirov LIVE қызметкері Айке Бейшекееваға да 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, бірақ 3 жылға пробация бақылауына алып, қамаудан босатқан.
Сот істегі басқа айыпталушыларды қылмыс құрамы болмауына байланысты ақтады. Бұлар: "Арча Медиа" тілшісі Сайпидин Сұлтаналиев, "ПолитКлиника" басылымының тілшісі Тыныстан Асыпбеков, Temirov LIVE жобасының үш қызметкері Мақсат Тәжібекұлы, Жұмабек Турдалиев және Ақыл Орозбеков, сонымен бірге "Айт, Айт Десе" қызметкері Сапар Ақынбеков және "Нұр Пресс" тілшісі Жоодар Бузумов.
26 қыркүйектегі сотта прокурор айыпталушылардың бәрін алты жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.
Temirov LIVE және "Айт, Айт десе" жобаларының бұрынғы және қазіргі қызметкерлерін полиция биыл қаңтар ортасында ұстаған. ІІМ оларға "билік өкілінің талабына бағынбауға шақыру және жаппай тәртіпсіздікке үндеу" (Қылмыстық кодекстің 278-баптың 3-бөлігі) бабы бойынша айып таққан. Ұстау кезінде олардың кейбірі Temirov LIVE жобасында жұмыс істемеген.
Істі қозғауға "Айт, Айт Десе" және Temirov LIVE жобалары жариялаған материалдарда "наразылық акциялары мен жаппай тәртіпсіздіктерге шақыру белгілері барын" анықтаған сараптама қорытындысы себеп болған. Temirov LIVE жобасының негізін қалаған Болот Теміров істі әріптестерінің кәсіби қызметімен байланыстырған.
Халықаралық баспасөз қорғау ұйымдары және қырғыз журналистері оларды талай рет босатуды және сөз бостандығына қысым жасамауды талап еткен.