10 қазанда ресми сапармен Түркіменстанға барған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ашғабатта Абай ескерткішінің ашылуына қатысты. Бұл жөнінде Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Бұл рәсімге Түркіменстан жағынан халық маслихатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов қатысқан.
Тоқаев ескерткіштің ашылуын "түркімен бауырлардың қазақ халқына айрықша құрметінің көрінісі" деп санайтынын жеткізді.
– Абай – әлемдік ауқымдағы алып тұлға. Оның шығармалары бүкіл адамзаттың асыл мұрасына айналды. Жер жүзіндегі көптеген қалада хакім Абайдың ескерткіші бар. Ұлы ақын саналы ғұмырын ағарту ісіне арнады. Абай «Талап қыл артық білуге» деп, өнер-білім философиясын кеңінен насихаттады. Ол теңдессіз туындылары арқылы мызғымас құндылықтарды дәріптеді. Жұртты отаншылдыққа, білімпаздыққа, еңбекқорлыққа баулыды. Жақсылық пен парасаттылыққа үндеді. Ашғабатта Абай ескерткішінің ашылуы – бауырластығымызды нығайта түсетін бірегей бастама, – деді Қазақстан басшысы.
Ақорданың жазуынша, ескерткіш ашылмай тұрып Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркіменстан халық маслихатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов келіссөз жүргізген.
Ресми ақпаратқа қарағанда, кездесу барысында Тоқаев "қазақ-түркімен ынтымақтастығы достық, тату көршілік және өзара қолдау рухында қарқынды дамып келе жатқанын" алға тартып, "Түркіменстанға ресми сапарының мақсаты екі елдің стратегиялық серіктестігін жаңа деңгейге шығару екенін" айтқан.
"Әңгіме барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттары егжей-тегжейлі талқыланды" деп жазылған хабарламада.
Ақорданың жазуынша, Түркіменстанда Тоқаев президент Сердар Бердімұхамедовпен келіссөз жүргізбек. Бұған қоса, "Дәуірлер мен өркениеттер байланысы – бейбітшілік пен дамудың негізі" атты форумға қатыспақ.
Ақорда жариялаған алғашқы суреттерде Сердар Бердімұхамедовтің өзі көрінбейді – оның әкесі, халық маслихатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов барлық рәсімде жүр. Бейсенбі күні сәл ертерек Тоқаевты Ашғабат әуежайынан үлкен Бердімұхамедов қарсы алған.
43 жастағы Сердар Бердімұхамедов 2022 жылы кезектен тыс сайлауда қиындықсыз жеңген. Көптеген сарапшы Түркіменстандағы сайлауды үлкен Бердімұхамедов билікті ұлына тапсыру амалы деп атаған.
Ресми мәліметке қарағанда, Қазақстан мен Түркіменстан арасында сауда айналымы былтыр $563 млн ($397 млн. – экспорт, $166 млн – импорт) жетіп, 2022 жылмен салыстырғанда 28 пайызға артқан. 2024 жылдың алғашқы тоқсанында екі ел арасында тауар айналымы $105 млн болған.
Биыл көктемде Гурбангулы Бердімұхамедов Түркіменстанның табиғи газы мен электр энергиясын Қазақстан, Әзербайжан және Түркияға экспорттауға жақсы мүмкіндік бар деп мәлімдеген.
2024 жылы сәуірде қазақстандық QazaqGaz ұлттық компаниясы басшылық Ашғабатта екі елдің газ саласында әріптестігін күшейту жоспарын талқылағанын хабарлаған. Атап айтқанда, тараптар «өндірістік активтерді бірлесіп игеруді, екі елдің аумағында газ құбырлары жобаларын жүзеге асыруды және өзара тиімді негізде газ жеткізуге өзара мүдделілігін» атап өткен. Бұл салада «стратегиялық өзара әрекеттесуді кеңейтуге дайын екендігі» айтылған.
Ұзақ жылдардан бері аймақта Транскаспий құбыр желісі жобасы талқыланып келеді. Ол Түркіменстан мен Қазақстан газын Оңтүстік Кавказ арқылы Еуропаға тасымалдауды қарастырады.