Bloomberg: санкцияға ілінген танкерлер Ресейден тағы мұнай тасымалдап жатыр

АҚШ, Еуроодақ және Ұлыбританияның санкциясына ілінген 72 танкердің кемінде 21-і сәуірден бері Ресей мұнайын қайта тасымалдай бастаған. Бұл жөнінде Bloomberg жазды.

Кемелер мен оларға иелік ететін компанияларға қарсы шектеулерді АҚШ алғаш рет 2023 жылы қазанда – Ресей мұнайын баға шегін сақтамай тасымалдағаны үшін қойған. Ал 2024 жылы мұндай санкцияға ЕО мен Ұлыбритания да қосылды.

Агенттіктің жазуынша, 2024 жылдың сәуір айына дейін санкцияға ілінген кемелер қаңтарылып тұрған. Сәуір мен маусым аралығында журналистер аталған кеме айына бір рет тауар тасымалдағанын анықтады. Алғашқы жүк ойдағыдай жеткізілгеннен кейін санкцияға ілінген танкерлерді пайдалану күрт артқан. Шілде айында екі рет жүк тасымалданса, тамыз бен қыркүйек айларында - алты реттен, ал 10 қазанға дейін жеті рет жүк тасымалданған.

Санкцияға ілінген танкерлер жалпы 24 рет жүк тасымалдаған.