Ұлыбритания үкіметі "Ресей мұнайына салынған санкцияны бұзған" 37 компанияға қатысты зерттеу жүргізіп жатыр. Бұл жөнінде BBC-дің Орыс қызметі жазды.
2022 жылы желтоқсанда Еуроодақ елдеріне Ресей мұнайын тасымалдауға эмбарго қойылған, бұған қоса Ресей мұнайының баррелін 60 доллардан асырмаған бағада сатып алу бойынша шектеу күшіне енген. Ондағы мақсат – Ресей билігіне Украинадағы соғысты жалғастыруға жағдай жасап отырған мұнай кірісін төмендету, бірақ халықаралық нарықта шикізат бағасы шарықтап кетпес үшін Ресей мұнайы тасымалын да үзбеу.
Ұлыбританияның қаржы министрлігіне қарасты қаржылай санкцияны пайдалану бюросы (OFSI) 2022 жылы желтоқсанда "Ресей мұнайына қатысты теңіз импорты тыйымын бұзды" деп күдікке ілінген 52 компанияға қатысты зерттеу бастаған.
2024 жылы наурызда OFSI санкция режимін қамтамасыз ету үшін қосымша 50 млн фунт (шамамен 56 миллионов доллар) алған.
Тамызда 15 жағдай бойынша тергеу аяқталды, ал қалған 37 компанияға қатысты зерттеу жалғасып жатыр. BBC-дің Орыс қызметінің жазуынша, санкция бұзған компаниялардың ешқайсысына айыппұл салынбаған. Олардың аты-жөні де айтылған жоқ.
Global Witness сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық ұйымның мұнай істерін зерттеу бөлімінің басшысы Луи Уилсон Ұлыбританияның қаржы министрлігі санкцияны бұзған компанияларға ешқандай шара қолданылмағанын сынап, сенімдірек әрекет етуге шақырды.
АҚШ санкцияның пайдасы болды, себебі Ресей мұнайын 17% жеңілдікпен сатуға мәжбүр деп мәлімдеді.
Ұлыбритания қаржы министрлігінің өкілі BBC-ге берген түсініктемесінде Ресей үкіметінің деректеріне сүйене отырып, 2023 жылы мұнай сатудан түскен салық түсімі 2022 жылмен салыстырғанда 30 пайызға төмендегенін айтты.
Шектеу шараларына қарамастан, The Insider хабарлауынша, Ресей мұнайды 60 доллардан қымбатқа сатып, жылына 7-11 миллиард доллар пайда көріп отыр.