Талғарда қатыгездікпен өлтірілген жасөспірімнің ата-анасының үйі өртенді

12 қазанға қараған түні Алматы облысы Талғар қаласында өткен аптада өлтірілген жаөспірімнің ата-анасының үйі өртенді. Үйге от қойғанға ұқсайды.

Алматылық құқық қорғаушы Саида Таукелова Instagram-дағы парақшасында үйдің толық өртеніп кеткенін жазды. Видеода үйдің қаңқасы ғана қалғаны көрінеді. Оқиға 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болаттың жақындары марқұмның жетісін берейін деп жатқанда болып отыр. Құқық қорғаушының сөзінше, өрт кезінде қайта ешкім үйде болмаған.

"Барлық бала мен ересек ата-аналарының үйінде болған және өрт тек үйді жалмаған... Алайда өрт қойғандардың қара ниетін елестетудің өзі қорқынышты" деп жазды құқық қорғаушы.

"Өрт қою жай ғана бұзақылық емес, бұл жедел әрі жан-жақты тергеуді қажет ететін айқын қылмыс. Күштік құрылымдар осы заңсыздықпен күресіп, барлық зардап шеккендердің тәулік бойы қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және осы қылмысты ашу үшін барлық қажетті шараларды дереу қабылдауды сұраймын" деді Тәукелова.

Алматы облыстық полиция департаменті оқиғаны "өзгенің мүлкін қасақана жою" бабымен тергейтінін хабарлады. Олар өрттен ешкім зардап шекпегенін айтты.

"Тергеу аясында куәгерлерден жауап алынып, бақылау камераларының жазбалары тексеріліп жатыр. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр" деді полиция.

Бұған қоса, келіп түскен өтінішке орай Шерхат Болаттың отбасы күзетпен қамтамасыз етілгені де хабарланды. Отбасы тұрып жатқан аумақта полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік етеді.

Осы аптада бір топ адаммен жанжалдан қаза болған Шерхат Болаттың туыстары әділ тергеу мен ашық сотты талап еткен еді. Олар кінәлілер жауаптан жалтара ма деп қауіптенген және жанжалға қатысушылардың барлығын қамауға алуды талап еткен.

Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, бұл оқиға 4 қазанға қараған түні марқұмның отбасы жалға алып отырған дүкен маңында болған. Дүкенге келген тұтынушылардың бірі бір құты сыраның ақшасын төлегісі келмей, жанжал шығарған. 16 жастағы Шерзат пен оның ағасы жақынын қорғап, әлгі жігіттің дүкеннен кетуін талап еткен. Бірақ ол таныстарына хабарласып, кейін дүкенге бірнеше көлік келген. Ақпаратқа қарағанда, әлдекімдер жасөспірім мен ағасын алдымен ұрып-соққан, кейін Шерзатқа пышақ сұққан. Туыстары оларды ауруханаға апарған, бірақ жанды жерінен жараланған жасөспірім ұл ауруханада көз жұмған.

Оқиға қоғамда резонанс тудырған шақта аймақ полициясы "жанжалға қатысушылардың барлығы қамалды" және "істі ІІМ ерекше бақылауға алды" деп мәлімдеген.