Жастарды "экстремизмнен сақтағысы келетін" тәжік шенеуніктері ауыл аралап жүр

"Есіктен есікке" акциясы асында үй аралап жүрген тәжік шенеуніктері.

Тәжікстанда мыңдаған мемлекеттік қызметкер үй аралап, жастарды экстремистік және террористік топтарға қосылмауға үндеп жүр. Душанбе елдегі діни экстремизмнің артуынан қауіптеніп отыр. Биыл ондаған тәжік азаматының Ресей, АҚШ, Еуроодақ пен Ирандағы террористік шабуылдарға және астыртын сөз байласу операцияларына қатысы бары анықталған.

Тәжікстанның оңтүстігіндегі Хатлон өңірінде 1800 мемлекеттік қызметкер жергілікті халықтың үйін аралап, діни экстремистік топтарға қосылудың қаупін түсіндіріп жүр.

"Есіктен есікке" деп аталатын науқан аясында шенеуніктер халықты исламды пайдаланып, жастарды террористік ұйымдарға тартатын онлайн топтардан сақ болуға шақырады.

Душанбе билігі елдегі діни экстремизмнің артуынан қауіптеніп отыр. Биыл ондаған тәжік азаматының Ресей, АҚШ, Еуроодақ пен Ирандағы террористік шабуылдар мен астыртын сөз байласу операцияларына қатысы бары анықталған.

"Құқық қорғау органдарынан түскен ақпарат алаңдаушылық туғызып отыр. Біздің өңірде діни экстремистік топтарға қосылған жастар өте көп" деген Хатлон облысының губернаторы Давлатали Саид тамызда берген сұхбатында. Бірақ шенеунік террористік топтарға нақты қанша адам қосылғанын айтпайды.

Губернатордың дерегінше, "Есіктен есікке" топтары өңірдегі 620 мың үйді аралап, жастармен және олардың ата-анасымен сөйлескен.

"Есіктен есікке" акциясы аясында жастар ісі жөніндегі жергілікті басқарма өкілдері үй аралап жүр. Тәжікстанның Хатлон облысы.

Оның айтуынша, мемлекеттік шенеуніктер, жергілікті кеңес мүшелері, мұғалімдер мен дәрігерлерден тұратын топ арнайы дайындықтан өткен.

Хатлон облысы тұрғынының сөзінше, шенеуніктер тұрғындарға "Ресейде жұмыс істейтін туыстарыңызға террористік ұйымдарға тартатын адамдардан абай болсын деп айтыңыздар" деп ескерткен.

"Мигрант күйеуім мен ұлыма кез келген адамға сене бермеңдер, сақ болып, тек өз жұмыстарыңды ғана істеңдер деп ескертуді тапсырды" дейді Гуландом есімді тұрғын.

Билік "Ислам мемлекеті" немесе оның бөлімшелері сияқты экстремистік топтарға қосылған Тәжікстан азаматтары радикализацияға Ресейде жүріп ұшыраған дейді.

"ИНТЕРНЕТ ИМАМДАР"

Тәжікстан ішкі істер министрлігі академиясының тамызда жариялаған зерттеуінде Сирия, Ирак пен Ауғанстандағы әскери қақтығыстарда "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымының жағында соғысқан тәжіктердің кемі 85 пайызы террористер тұзағына Ресейде жұмыс істеп жүргенде түскен деген ақпарат бар.

Зерттеу авторлары "діни экстремистік идеология мигранттар арасында кең таралып, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіріп отыр" деп ескертеді. Халықты мигранттарға әлеуметтік желі арқылы шығатын "интернет имамдардан" сақ болуға шақырады.

Жыл басынан бері Тәжікстанның 30 азаматы шетелде "Ислам мемлекеті Хорасан" ұйымының атынан теракт жоспарлап, ұйымдастырды деп айыпталған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Дресс-код пен ұлттық киім. Тәжікстанда әйелдерге не кию керектігін шенеуніктер мен діндарлар шешеді

Ресейдің өкілетті тұлғалары 22 наурызда Мәскеудің іргесіндегі Crocus City Hall концерт залында болған террористік шабуылды 4 тәжік азаматы жасады деп мәлімдеген.

Ресей полициясы шабуылға сыбайластық жасады деген күдікпен тағы 20 адамды (көбі – тәжіктер) ұстаған. 145 адамның қазасына себеп болған шабуылды "Ислам мемлекеті Хорасан" ұйымы мойнына алды.

Иранда Тәжікстанның қос азаматы 3 қаңтарда өзін жарып, терракт жасады. Салдарынан 91 адам қаза тапты.

Маусымда АҚШ билігі 8 тәжік мигрантын Америкада террористік шабуыл жасамақ болды деген күдікпен ұстады.

Қаңтарда Германия полициясы елдегі және Австриядағы шіркеуге шабуыл ұйымдастырмақ болды деген күдікпен тәжік азаматы ұсталғанын хабарлаған.

Тәжікстанда қаңтарда биліктегі Халықтық демократиялық партияның жергілікті басшысына қарсы жарылыс болған. Бұл шабуылды да "Ислам мемлекеті Хорасан" ұйымымен байланыстырды. Билік Хатлондағы оқиғаны "террористік шабуылға" жатқызды, бірақ толық ақпарат бермеді.

Тәжікстан – 10 миллион халық тұратын кедей, мұсылман мемлекет. Елдегі қиындықтардан жастар интернеттегі "Ислам мемлекеті" ұйымының пропагандасына бейім келеді.

Елді отыз жылдан бері жұмыссыздық пен жемқорлық жайлаған.

Үкімет азаматтардың ислам дінін ұстануын қатаң бақылауда ұстайды. Медреселер мен мешіттерді жауып, мектептер мен жұмыс орнында хиджаб киюге тыйым салады. Тәжіктердің көбіне мұндай қуғын-сүргін ұнамайды.

"ҮМІТСІЗДІК ҚАУІПТІ"

Тәжікстанда "Есіктен есікке", "Ауылдан ауылға", "Көшеден көшеге" деп аталатын науқандар он жыл бұрын үкімет саясатын насихаттау үшін пайда болған.

Бұл бастамалар әлеуметтік, қаржылық, мәдени мәселелерді насихаттайды.

Кей өңірлерде осындай науқан аясында әйелдерді тәжіктердің ұлттық киімін киюге үндейді. Бұл да – Душанбенің діни радикализацияға қарсы күресінің бір түрі.

Душанбедегі университет профессоры экстремизмге қарсы науқанда билік жаңа әдіс пайдаланып жатқанына назар аударады.

"Тұрғындардың үйін аралап, террористік топтардың онлайн насихаты жайлы айту тиімді болуы мүмкін. Өйткені Сирияға кеткен немесе Крокусқа шабуыл жасаған тәжіктердің ата-анасы балаларының "Ислам мемлекетінің" ықпалына түскенін білмеген" дейді аты-жөнін жасырын қалдыруды өтінген профессор.

"Бірақ дәріс оқу жеткіліксіз" дейді ол. "Жастарға жақсы жалақысы бар жұмыс, болашаққа үміт беретін экономикалық мүмкіндіктер керек. Үмітсіздік қауіпті болуы мүмкін".