Қазақстан қорғаныс министрлігі: Ливанда үш штаб офицеріміз қызметін жалғастырып жатыр

БҰҰ (UNIFIL) бітімгерлері Ливан-Израиль шекарасын бақылап тұр. 12 қазан, 2023 жыл.

14 қазанда Қазақстан қорғаныс министрлігі Ливандағы қазақстандық бітімгерлердің жағдайы жайлы баяндады. Министрліктің мәліметінше, Қазақстанның үш штаб офицері қазір Ливанда әдеттегі режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Қарулы қақтығыс шиеленіскен жер олар қызмет етіп жатқан орыннан алыста деп мәлімдеді министрлік өкілі.

"Жағдай ушыққан тұста Қазақстан офицерлерін эвакуациялау мәселесі жайлы шешім БҰҰ хатшылығымен және миссия басшылығымен бірге қабылданады. Қорғаныс министрлігі олармен үнемі байланыста", – деді Қазақстан қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жангулин.

13 қазанда БҰҰ Израиль армиясы Ливанның оңтүстігіндегі ұйымның позициясына "басып кірді" деп мәлімдеген. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерришті ұйымның бітімгер күштерін Ливанның оңтүстігінен әкетуге шақырған. Ол жерде Израиль армиясы шииттік "Хезболла" радикал тобына қарсы құрлықта операция жүргізіп жатыр. Бұл туралы жексенбіде БҰҰ-ның бірнеше бітімгері жараланған жайттардан кейін Нетаньяхудың өзі хабарлады.

Әлемнің көптеген елі Израильді айыптап, бітімгерлер өміріне қауіп төндіруді тоқтатуға үндеді. Бұл оқиғаларға қынжылыс білдірген Израиль өзінің қарулы күштері БҰҰ-ның бақылау бекеттері маңында болған "Хезболла" нысандарына шабуылдағанын айтты.

Нетаньяху БҰҰ бас хатшысын UNIFIL күштерін "қауіпті аймақтан" шығаруға бұйрық беруге шақырды. Оның сөзінше, БҰҰ бітімгерлері шекараға жақын жерде қалса, "Хезболла" тұтқынына айналмақ.

13 қазанда Израиль армиясы Ливанның оңтүстігіндегі 21 елді мекен тұрғынын өңірде қарулы қақтығыс күшейіп жатқанына байланысты эвакуациялауға ресми түрде үндеген. "Хезболла" өкілдері шекара маңындағы ауылдардың бірінде шайқас болғанын мәлімдеді.

Кейінгі күндері Израильдің шабуылдарынан БҰҰ-ның кем дегенде төрт бітімгері жараланған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Израиль армиясы Газада ХАМАС-қа қарсы жаңа операция жүргізіп жатыр

АҚШ "Хезболланы" террористік ұйым деп атайды. Ал Еуропа одағы оның қарулы қанатын ғана террористік деп таныған. "Хезболла" партиясы өкілдері Ливан парламентінде отыр. Израиль шабуылдарының бірінде топ жетекшісі Хасан Насралла қаза тапқан.

Израиль 23 қыркүйекте "Хезболлаға" қарсы операция бастады. Оның мақсаты – топтың әскери инфрақұрылымын жойып, елдің солтүстігінен көшкен Израиль тұрғындарының үйіне оралуына жағдай жасау деп мәлімдеген. Тараптар 2023 жылғы қазаннан бері бір-бірінің аумағына шабуыл жасап келеді, былтыр ХАМАС тобы (АҚШ пен Еуроодақ террористік топтар тізіміне қосқан) Израиль аумағына шабуыл жасаған соң Тель-Авив оған қарымта ретінде осы ұйым бақылауындағы Газа секторын алыстан атқылап, кейін оған әскер кіргізген.

БҰҰ-ның бітім күштері 1978 жылдан бастап Ливан-Израиль шекарасына орналасқан, олардың мандаты алты айда бір рет ұзартылады. Олардың шекарада тұрғаны Израиль мен оған қарсы топқа бір-біріне шабуыл жасауына кедергі емес. Қазақстан бітімгерлері наурыздан бері Таяу Шығыстағы Голан жотасында БҰҰ миссиясы құрамында қызмет етіп жатыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Үлкен қателік жасады". Иран Израильге қарсы топтап зымыран атты