13 қазанда Қарағанды облысы Шахтинск қаласында Ішкі істер министрлігіне қарасты Ұлттық ұланда келісімшарт бойынша әскери қызмет атқаратын адам өзі тұрып жатқан пәтерде асылып тұрған жерінен табылған. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігі хабарлады.
Ұлттық ұланның "Орталық" өңірлік қолбасшылығы оқиға қызметтен тыс уақытта болған деп мәлімдеген.
"13 қазанда Шахтинск қаласында қызметтен тыс уақытта өзі тұрып жатқан пәтерден келісім шарт бойынша [қызмет атқаратын] әскери қызметшінің денесі табылды. Болжамды ақпарат бойынша, әскери қызметші отбасылық-тұрмыстық жанжал негізінде өзіне-өзі қол жұмсаған", – деп жазылған Ұлттық ұлан баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Адам өлімі оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалған, қазір оның жай-жапсары анықталып жатыр.
Кейінгі кезде Қазақстанда әскери қызметкерлер арасында адам өлімі жиілеп кетті.
28 қыркүйекте Маңғыстау облысы Ақтау қаласындағы әскери бөлімдердің бірінде келісімшарт бойынша қызмет атқарған әскери қызметкер мезгілсіз қаза болды. Бала күтіміне байланысты декреттік демалыста болған ол өзі тұрып жатқан үйден өлі табылған. Ақтау гарнизоны баспасөз қызметі таратқан ақпаратта "алдын ала мәліметке сай, келісімшарт бойынша қызмет атқарған сержант отбасындағы жанжалдан соң өзіне қол салған" деп жазылған.
21 қыркүйекте Петропавл қаласындағы үйлердің біріндегі жертөледен қорғаныс істері басқармасының әскери қызметкері өлі табылған. Ол да келісімшарт бойынша әскери қызмет атқарған. Солтүстік Қазақстан облысы қорғаныс істері департаментінің баспасөз қызметі марқұм қызметтен тыс уақытта отбасындағы-тұрмыстағы жанжалдан кейін суицидке барды деп мәлімдеді.
Қорғаныс министрлігінің өкілдері "армиядағы өлімнің көп жағдайда әскери қызметке қатысы жоқ" деп айтып жүр. Министрлік әскери қызметкерлер отбасындағы кикілжің кесірінен суицидке барады деген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Вице-министр: әскердегі өлімнің көп жағдайда әскери қызметке қатысы жоқ