Қытай армиясы 14 қазанда Тайвань аралы айналасында жаттығу бастап, осылайша аралдағы "сепаратистік күштерге қатаң ескерту" жасады.
Тайвань Қытайдың әрекетін арандату деп атап, жауап ретінде тиісті күш жібергенін мәлімдеді.
"Синьхуа" агенттігінің мәліметінше, Тайвань бұғазындағы "Бірлескен қылыш - 2024B" жаттығуына құрлықтағы әскер, әскери-теңіз, әуе және зымыран күштері қатысады. Қытай сарбаздары аралға солтүстік, оңтүстік және шығыс қапталынан жақын келіп, маневр жасайды деп айтылды.
Қытай армиясының Шығыс аймағы әскери қолбасшылығының ресми өкілі Ли Сидің сөзінше, Пекин сарбаздары "негізгі порттар мен аудандарды бұғаттауға және бақылауға алуға, теңіздегі және құрлықтағы нысандарға соққы беруге" назар аударуды жоспарлап отыр. Жаттығу "сепаратистік күштердің құтын қашырып, сарыуайымға салады" деді Қытай қолбасшылығының өкілі.
Тайвань президенті Лай Циндэ қауіпсіздік мәселесі бойынша шұғыл жиналыс шақырып, құзырлы құрылымдарға Пекиннің әрекеттеріне жауап беруді тапсырды.
Тынық мұхитта сондай-ақ Қытай мен Ресей әскери-теңіз күштері бірлескен жаттығу өткізіп жатыр. 14 қазанда Ресей қорғаныс министрлігі бірлескен жаттығуға екі елдің 6 кемесі қатысып жатыр деп хабарлады.
- Қытай Тайваньды өз жері деп санайды. Биыл мамырда Тайванның жаңа президенті Лай Циндэнің инаугурациясы өткеннен кейін Пекин Тайвань жағалауына жақын маңда жаттығу өткізген. Пекин шенеуніктерінің айтуынша, арал шекарасына жақын аймақта армия, флот, авиация және зымыран әскері қатысатын маневрлер "сепаратистік әрекеттерге" жауап ретінде өтеді.
- Тайвань ресми түрде өзін Қытай республикасы деп атайды, өйткені тарихи тұрғыдан Қытайдағы коммунистер жеңіске жетіп, Қытай халық республикасы жарияланғаннан кейін Тайвань билігі өзін бүкіл Қытайдың заңды үкіметі деп жариялаған. Осыған байланысты Тайвань Қытайдан тәуелсіздігін ресми түрде жарияламады. Тайванның серіктестері, соның ішінде АҚШ "Бір Қытай" саясатына адал екенін мәлімдесе де, олар ҚХР-дің күш қолдануына үзілді-кесілді қарсы.
- Ішінара танылған Қытай республикасының астанасы Тайбэйде кейбір саясаткер "екі Қытай" арасындағы қарулы қақтығыс қаупі кейінгі қырық жылдан астам уақытта өте қатты ушығып тұр деп айтып жүр. Тайвань қорғаныс және барлау департаментінің мәліметінше, Пекин 2025 жылы Тайваньға қарсы толықтай әскери агрессия бастауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Азаттық радиосына сұхбатында Тайванның бұрынғы сыртқы істер министрі Джозеф Ву да мәлімдеген.