Еуроодақ Ресейге қару-жарақ жеткізген Иранға санкциялар салды

Тегеран

Еуропа одағы Ресейге Украинаға шабуыл жасау үшін дрон, ракета және әскери технология жеткізуге қатысы бар Иранның жеті компаниясы мен жеті шенеунігіне санкция салды. Мұндай ақпарат ЕО кеңесі сайтында жарияланды.

Санкцияға Иранның Saha Airlines, Mahan Air және Iran Air дейтін үш әуе компаниясы, екі сауда фирмасы мен екі жанармай (зымыран мен снарядтар ұшыруға пайдаланады) шығаратын фирма ілінді.

Iran Air – санкция салынғандар арасында Тегераннан Еуропа одағына, соның ішінде Германияға, Австрияға, Францияға және Италияға тұрақты рейстері болған жалғыз компания. Санкциялар компанияның Еуропа одағындағы активтерін бұғаттап, оның ЕО елдеріне ұшуға билет сатуына тыйым салады. Тегераннан Еуропа елдеріне қатынайтын Iran Air рейстері алдағы күндердің ұшу кестесінде әлі тұр, өзгеріс жөнінде әзірге хабар айтылған жоқ. Austrian Wings журналының мәліметінше, Иран әуе компаниялары алда Еуроодаққа ұшуды жалғастырады деу техникалық тұрғыдан мүмкін емес.

Санкция тізімінде Иран қорғаныс министрінің орынбасары Сейед Хамзе Галандари, Иранның Ресейдегі әскери атташесі Реза Хосрави Могадам, аэроғарыш саласындағы екі компанияның директоры және Ислам революциясы сақшылары корпусының бірнеше жоғары лауазымды қызметкері бар.

ЕО кеңесі санкция салынғандардың "Таяу Шығыс пен Қызыл теңіз аймағындағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті бұзатын қарулы топтар мен ұйымдарға" (бұл ХАМАС, "Хезболла" және "Ансар Алла" топтары туралы болуы мүмкін) қару-жарақ пен технология жеткізуге де қатысы бар деп айтты. Бірақ оларды нақты атаған жоқ.

Санкцияға іліккендер активі бұғатталып, олар Еуропа одағына кіре алмайды, ал басқа компанияларға оларды тікелей немесе жанама түрде қолдауға тыйым салынады.

ЕО кеңесі 2024 жылғы наурызда Иранға Ресейге қару-жарақ немесе технологияны Украинаға қарсы қолдануға беретін болса, санкция салынатынын ескерткен. Тегеран қару жеткізу туралы ақпаратты жоққа шығарған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Иранға соғыс, Ливанға гуманитарлық апат төніп тұр. Таяу Шығыста не болып жатыр?