Мемлекеттік дума 15 қазанда қарулы бүлікке жазаны күшейтетін заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады. Бұған дейін бүлікшілерге берілетін ең көп жаза 20 жыл түрме болса, енді олар өмір бойы бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.
Құжатқа қарағанда, адам өлімі болған немесе "салдары ауыр" бүлікке қатысушыларға өмір бойы түрме жазасы беріледі. Ал өзге жағдайларда 15-20 жылға дейін еркіндіктен айыру жазасы қарастырылған. Ең төменгі жаза - 12 жыл түрме.
Заң бір мезетте "кінә дәрежесіне қарай" қатысушыларға түрлі жаза беруді ұсынады. Билік органдарына бүлік жөнінде хабарлағандар немесе оны тоқтатуға үлес қосқандар жазадан босатылады.
Бүлік туралы заңнамаға түзетулер 2023 жылы маусымдағы ЧВК "Вагнердің" бүлігінен кейін ұсынылған. Ол кезде Мәскеуге жорық жасаушылар миллионнан астам тұрғыны бар Дондағы Ростов қаласын тұтас басып алып, Воронеж қаласына жолды жапқан.
Бүлікке қатысушылар алты әскери тікұшақ пен Ил-22М әуе командалық пунктін атып түсіріп, 15 әскери қызметкер қаза болған. Бүлікке қатысты қылмыстық іс қозғалып, кейін жабылды. Беларустің авторитар басшысы Александр Лукашенкомен келіссөзден кейін бүлік басылған. Ізінше ЧВК "Вагнер" жетекшісі Евгений Пригожин мен оның жақын серіктері ұшақ апатында қаза болған.