Тәліптер Өзбекстанды Термез сауда орталығындағы музыканы өшіруге шақырды

"Термез" халықаралық сауда орталығының ашылуына қатысып жатқан өзбек-ауған билігі өкілдері.

"Талибан" радикалды қозғалыс өкілдерінен құралған ауған үкіметі Өзбекстан билігін шекараға жақын Термез қаласындағы сауда орталығында концерт және музыкалық бағдарламаларды ұйымдастырмауға шақырды. Бұл жөнінде дереккөзге сүйенген ауғанстандық Atlaspress сайты хабарлады.

Әдетте базарға келушілерге өзбек әртістерінің қатысуымен музыка бағдарламалары ұйымдастырылады.

"Талибан" базарда музыка қою мәдени және діни нормаларға қайшы деп мәлімдеген.

Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі шекарадағы "Термез" халықаралық сауда орталығында концерт және музыкалық шараларды тоқтатуға қатысты тәліптерден ресми түрде мәлімдеме түспегенін айтты.

Халықаралық сауда орталығы тамызда іске қосылған. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің жарлығымен аталған орталыққа еркін экономикалық аймақ мәртебесі берілген.

Ауғанстан мен Өзбекстан қол қойған келісімге сәйкес, Ауғанстан азаматтары базар аумағында визасыз 15 күн қала алады.

Бұған дейін кейбір БАҚ мыңдаған ауған азаматы Термездегі базарға келіп, барлық тауарды тып-типыл етіп сатып алып кеткенін хабарлаған.

"Талибан" өкілдері кез келген зайырлы музыканы "құдайдан безгендік және азғындық" деп санайды.

Тәліптердің Ауғанстанда музыкаға алғаш рет тыйым салайын деп жатқаны 2021 жылы белгілі болған. Сол кезде мұны The New York Times басылымына берген сұхбатында қозғалыс өкілі Забихулла Муджахид айтқан.

"Исламда музыкаға тыйым салынған. Бірақ біз адамдарға қысым жасаудың орнына, мұндай әрекеттерге бармауға сендіре аламыз деп үміттенеміз" деді ол.

2021 жылы тәліптер билікке келгелі бері Ауғанстанда музыка аспаптары жиі кәмпескеленіп, кәсіби музыканттар қудаланып, тіпті дарға да асылып жатады. Көбі басқа жаққа көшуге мәжбүр болған.

2021 жылы тәліптер билікке келгеннен кейін Ауғанстанда адам құқықтары жаппай бұзыла бастады, деп жазды Азаттықтың Өзбек қызметі. Зайырлы заңнама толығымен-дерлік шариғат заңдарымен алмастырылды. Ауғанстанда диссиденттерді қудалау және жария түрде жазалау тәжірибесі бар. Әйелдер білім алу және еңбек ету құқығынан айырылған.

Талибан – әлемнің бірқатар елдерінде лаңкестік деп танылған радикалды ұйым. Осыған қарамастан, Өзбекстан үкіметі Ауғанстанның Талибан үкіметімен ресми саяси және іскерлік байланыстарын жалғастырып жатыр. Ташкент Талибан үкіметін мойындайтын ресми мәлімдеме жасаған жоқ, бірақ Өзбекстан Орталық Азиядағы тәліптердің елшісін қабылдаған алғашқы ел атанды.