Прокурор журналист Данияр Әділбековті бес жыл еркіндігінен айыруға шақырды. Істі Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық соты жүргізіп жатыр.
Әділбековке "Көрінеу жалған сөз жеткізу" (419-бап 3-бөлігі), "Көрінеу жалған ақпарат тарату" (274-бап 2-бөлігі) баптары бойынша айып тағылған. Прокурор Данияр Қайдаров журналисті екі бап бойынша да кінәлі деп тануды өтінді.
Прокурор іс бойынша айыпталған мұнайшы Ерлан Сәудегеровті төрт жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сәудегеров қылмысты ұйымдастыру және көрінеу жалған жала жабу баптары бойынша сотталып жатыр.
Айыпталушылар өздеріне тағылған айыптармен келіспейді.
Данияр Әділбеков 27 наурызда ұсталып, қамауға алынған. Кейін қамау мерзімі ұзартылды. Сот тамызда басталған.
Қылмыстық іске журналистің телеграм-арнасындағы жазбасы түрткі болған деп айтылады. Онда мұнайды алып сатумен айналысатын Vitol компаниясы энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженовтің әкімшілік тетіктерін пайдаланып жатыр деп көрсетілген. Шенеуніктің өзі мұны жоққа шығарады.
Әділбековке телеграм-арнада Астана әуежайының басқарма төрағасы Юсуф Альжавдер мен «Ел медиа» басылымының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева туралы ақпарат жариялағаны үшін "көрінеу жалған ақпарат таратты" деген айып тағылған.
Ал қорғау жағы тергеу және сот кезінде процессуалдық заңбұзушылық болғанын алға тартып, айыпталушылардың кінәсін дәлелдейтін айғақ жоқтығын атап өткен.
Мамырдың басында оннан астам қазақстандық журналист президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен қауіпсіздік органдарына қайырылып, Әділбековті босатып, қылмыстық істі әділ тергеуге үндеген.
Әділбеков мамыр айында ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің қысымы мен азаптауы туралы мәлімдеген. Әділбековтың айтуынша, ҰҚК қызметкерлері "басқа әріптестеріңді ғайбаттасаң, жеңіл жаза береміз" деген. Одан бас тартқан соң жалған айыппен анасы мен әйеліне қылмыстық іс қозғаймыз деп қорқытқан. Артынша арнайы қызмет бұл мәлімдемелерді жоққа шығарды.