Солтүстік Корея хакерлері жеті жылда 3 млрд долларға тең криптовалюта ұрлаған. Microsoft корпорациясының киберқауіпсіздік туралы 2024 жылғы есебінде ақша Пхеньянның ядролық бағдарламасын қаржыландыруға жұмсалған болуы мүмкін деп жазылған. Бұған Deutsche Welle басылымы назар аударды.
Microsoft мәліметінше, бұл қаржы Пхеньянның ядролық қару шығаруға жұмсаған шығындарының жартысынан көбін жапқан. 2023 жылы 600 миллионнан бір миллиард долларға дейін қаржы ұрланған.
Есепке сәйкес, компания былтырдан бері Солтүстік Кореяның бірнеше жаңа хакерлер тобын анықтаған. Олардың саны өсіп жатқаны Пхеньян режимі осы саланы арттырып отырғанына айғақ болуы мүмкін. Сонымен қатар Ресей, Қытай және Ираннан шыққан топтар да хакерлікпен белсенді айналысады делінген.
4 қазанда Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Оңтүстік Корея немесе АҚШ оның елінің егемендігін бұзуға тырысатын болса, Пхеньян шабуыл жасайтын қарудың барлық түрін, соның ішінде ядролық қаруды да "еш ойланбастан" қолданады деп мәлімдеді.
13 қыркүйекте Пхеньян алғаш рет ядролық материалдар шығаратын зауыттың іші қандай екені көрінетін суреттер жариялаған, оған Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын барған еді. 9 қыркүйекте Ким Чен Ын Солтүстік Корея құрылғанына 76 жыл толуына орай сөйлеген сөзінде елдің ядролық арсеналын арттыруға тағы да уәде берді.
7 қыркүйекте Оңтүстік Корея мен АҚШ Вашингтонда ядролық шабуылды тежеу саласына байланысты жаттығу өткізді. Одақтастар Солтүстік Кореядан артып келе жатқан қауіп-қатерге қарсы тұру үшін қауіпсіздік саласындағы координацияны күшейтіп жатыр.
Your browser doesn’t support HTML5