Тоқаев "Ресей әскери тұрғыда жеңілмейтінін" қайталап, кикілжіңді келіссөзбен аяқтауға шақырды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Astana Think Tank форумында сөйлеп тұр. 17 қазан 2024 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан Think Tank форумында Ресей–Украина соғысы туралы пікір білдіріп, Ресейдің әскери тұрғыдан жеңілмейтіні анық деген сөзін тағы қайталады.

"Канцлер Шольцпен келіссөз барысында айтқанымдай, Ресейдің әскери тұрғыдан жеңілмейтіні анық. Бұл – Ресейдің әскери әлеуеті, президент Путин жүргізіп отырған саясатты халқының қолдауы және тарихтың өзі дәлелдеп отырған факт. Сондықтан біз қақтығысты бейбіт түрде шешу жолдарын қарастыруды, барлық мемлекеттің, соның ішінде Қытай мен Бразилияның ақылға қонымды жоспарларын қолдаймыз. Басқа жол жоқ. Әйтпесе соғыс қос тарапты да жойып тынады", – деді Қазақстан президенті.

Тоқаев "кейбір әлемдік күш бұған мүдделі шығар, бірақ бұл тығырыққа тірейтін жол" деп мәлімдеді.

Оның сөзінше, конструктивті келіссөздер арқылы бейбітшілікке ұмтылу – әлсіздіктің белгісі емес, керісінше, стратегиялық парасаттылықтың көрінісі.

16 қыркүйекте Астанаға сапармен келген Германия канцлері Олаф Шольцпен келіссөз кезінде Тоқаев "соғыс өрши берсе оның салдары барша адамзатқа, ең алдымен Ресей-Украина қақтығысына тікелей қатысы бар мемлекеттерге ауыр тиеді" деген. Ол бейбітшілік орнатуға әлі де мүмкіндік барын айтып, Қытай мен Бразилияның бітімгершілік жоспарын "қолдауға тұрарлық" деп мәлімдеді. Бразилия-Қытай бейбіт жоспары бойынша, Мәскеу басып алған Украина аумағының бір бөлігі Ресейде қалады.

2022 жылы маусымда Тоқаев Санкт-Петербургтегі экономикалық форумда Ресей президенті Путиннің көзінше Қазақстан Украинаның шығысындағы "ДХР" және "ЛХР" жікшіл аймақтарының "тәуелсіздігін мойындамайтынын" ашық айтқан еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаев неліктен "Ресей жеңілмейді" деп санайды? Соғыс қазақстандықтардың Мәскеу жайлы пікірін қалай өзгертті?