Ресейде 2024 жылы "мемлекетке сатқындық" жасау айыбымен сотталғандар 3,5 есе артқан

Көрнекі сурет

Ресейде 2024 жылдың алғашқы алты айында "мемлекетке сатқындық жасады" деген айыппен 52 адам сотталған. Бұл былтырғы жылдың сол уақыт аралығымен салыстырғанда 3,5 есе көп. Жоғарғы сотқа қарасты сот департаментінің деректеріне сүйенген "Важные истории" басылымы осылай деп жазды.

Кейінгі 9 жылда осыншалықты дәрежеде жоғары көрсеткіш тіркелмеген. Мысалы, былтыр 12 айда осы баппен айыпталған 39 адамға үкім оқылса, 2023 жылдың алғашқы алты айында 15 адам сотталған. 2022 жылы алты айда – төрт үкім, 2021 жылы – сегіз, 2020 жылы үш үкім оқылған.

2023 жылы мемлекетке опасыздық жасау бабы бойынша жаза да күшейтілді: енді бұл бап бойынша айыпталғандарға өмірлік түрме жазасы берілуі мүмкін.

Тыңшылық жасағандар үшін де сотталғандар саны артқан. Басылымның мәліметінше, 2024 жылдың алты айында осы бап бойынша 18 адам сотталған, бұл 2023 жылдың алты айымен салыстырғанда 9 есе көп, яғни былтыр екі адам түрмеге жіберілген.

Биыл жарты жылда тағы екі адам "шет мемлекетпен астыртын әріптестік жасағаны үшін" жазаланған. Бұл былтырғы жылдың тұтас 12 айының көрсеткішіне пара-пар.

Қылмыстық кодексте "Астыртын әріптестік" бабы бойынша 8 жылға дейін түрме жазасы және айыппұл қарастырылған. Былтырғы түзетулердің авторлары шет мемлекетпен "әріптестік" ұғымын "бұл Ресей қауіпсіздігіне қарсы бағытталған іс-әрекет" деп бұлыңғыр сипаттаған. Жиі кездесетін айыптаулар қатарында "Украинамен байланыс" тіркесі бар.

"Север.Реалии" сайтының жазуынша, Ресейде екі жылға жуық уақыт ішінде осы бап бойынша кемінде 40 қылмыстық іс қозғалған.

Мемлекеттік құпиямен байланысты заңсыз әрекеттер бойынша 96 адам сотталған, бұл 2023 жылдың алты айымен салыстырғанда екі есе көп деп жазды "Важные истории".

Оның себебін журналистер "Мемлекеттік құпияны қорғау талаптарын бұзу" бабының қолданылуымен байланыстырады. Бұл бап елден кеткен мемлекеттік құпия деп танылған ақпараттармен бұрын-соңды істеген Ресей азаматтарын жауапқа тартуды қарастырады. Жаңа бап мемлекеттік кәсіпорынның бұрынғы қызметкерлері, инженерлер, конструкторлар және отставкаға кеткен әскери қызметкерлерге де қатысы бар.