АҚШ Украинаны НАТО құрамына шақыруға түбегейлі қарсылық танытпайды. Француздың Le Monde басылымы 18 қазанда Берлинде өткен АҚШ, Германия, Ұлыбритания және Франция басшыларының кездесуінің қорытындысынан хабардар дипломатиялық дереккөздерге сүйеніп, осылай деп жазады.
Басылым дереккөздерінің айтуынша, АҚШ президенті Джо Байден егер өз еліндегі биылғы президент сайлауында Демократиялық партия кандидаты әрі қазіргі вице-президент Камала Харрис жеңіске жетсе, онда өтпелі кезеңде Украинаны НАТО қатарына шақыру процесін бастауы мүмкін. Ал егер республикашыл кандидат әрі бұрынғы президент Дональд Трамп жеңген жағдайда "Байденнің болмашы бастамасының өзі жағдайды нашарлатуы мүмкін" деген Le Monde дереккөзі.
Le Monde егер АҚШ Украинаны НАТО-ға қатарына шақыруға түбегейлі қарсы болмаса, Германия да өз ұстанымын өзгерте алады деп жазды.
Бұған қоса, басылым сұхбаттасқан адамдар Берлиндегі кездесуде төрт елдің басшылары Украинаның Ресей аумағындағы нысаналарға шабуылға ұзақ қашыққа жететін қаруды қолдануға салынған тыйымды алып тастау мүмкіндігін талқылағанын да айтты.
Франция мен Ұлыбритания Украинаға ондай әрекет жасауына келісім беруге дайын, ал АҚШ пен Германия оның арты шиеленісті одан әрмен ушықтырып жіберуі мүмкін деп қауіптенетінін жазды басылым.
Украинаны НАТО қатарына шақыру – Украина президенті Владимир Зеленский ұсынған «жеңіс жоспарында» айтылғандардың бірі. Зеленский Байден отставкаға кеткенге дейін Украина шақыру алады деп үміттенеді. Өз кезегінде, "Үлкен жетілік" тобы қорғаныс министрлері сенбі 19 қазанда Неапольде өткен кездесуде Украинаның Еуропа одағына кірігуіне, соның ішінде НАТО мүшесі болуына қолдау танытатындарын мәлімдеді. Министрлер мәлімдемесінде G7 елдерінің мамандары украиналық жауынгерлерді даярлауды және украин армиясын НАТО стандарттарына үйлесімді ету үшін реформалауды жалғастырады деген.