Ресей армиясы Запорожье қаласына тағы да әуе шабуылын жасады

Ресей армиясының әуе шабуылынан бүлінген ғимараттың қасында тұрған адамдар. Украинаның Запорожье қаласы, 19 қазан, 2024 жыл.

Ресей күштері 19 қазан кешке Украинаның Запорожье қаласының орталығына басқарылатын екі авиабомба тастаған. Кейінгі деректерге қарағанда, шабуылдан 10 адам зардап шеккен, арасында 9 және 13 жасар екі бала бар. Балалар ауруханаға түскен, олардың жағдайы орташа ауыр деген дәрігерлер. Бұл жөнінде Запорожье облыстық әкімшілігі басшысы Иван Федоров хабарлады.

"Сенбі күні кешке басқыншылар Запорожьенің орталығына шабуыл жасап, басқарылатын екі авиабомба тастады. Өкінішке қарай, адамдар зардап шекті, тағы да ғимараттар қирады", – деп жазды Федоров телеграм-арнасына.

Запорожье қаласында бірнеше жарылыс дыбысы естілген. Жеке меншік үй қираған, әуеден тасталған бомбалардың бірі ірі сауда орталығынан бірнеше жүз метр жерге түскен.

"Жарылыс екпіні мен жан-жаққа ұшқан сынықтардан ғимараттар бүлінді. Қоммуналдық қызметтердің барлығы сол жерде жұмыс істеп жатыр", – деп жазды Фёдоров.

Ресейдің бақылауындағы Запорожье облысы әкімшілігінің өкілі Владимир Рогов алдын ала мәліметтер бойынша, Ресей армиясы әскери нысандарға шабуылдаған деп жазды телеграм-арнасына.

Ресей қорғаныс министрлігі Запорожьеге жасалған шабуыл жөнінде ештеңе айтпады.