Молдовада президент сайлауы мен Еуропа одағына қосылу жөнінде референдум өтіп жатыр

Молдова азаматтары президент сайлауы мен Еуропа одағына қосылу жөніндегі референдумге дауыс беріп жатыр. 20 қазан, 2024 жыл.

Молдовада жексенбі, 20 қазанда президент сайлауы өтіп жатыр. Елдегі сайлау учаскелері жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат жетіде ашылды. Президент сайлаумен қоса ел азаматтары Молдованың Еуропа одағына қосылу мәселесі бойынша референдумға дауыс береді. Ол үшін ел Конституциясына өзгерістер енгізілуі тиіс.

Президенттікке 11 саясаткер, оның ішінде қазіргі президент Майя Санду да түсіп жатыр.

Сандумен бірге сайлаудың екінші турына елдің бұрынғы бас прокуроры Александр Стояногло шығуы мүмкін деген болжам айтады сарапшылар. Стояноглоны оппозициялық Социалистік партия қолдайды. Партия жетекшісі, Молдованың бұрынғы президенті Игорь Додон бұл сайлауға түскен жоқ, ол жақтастарының барлығын Стояноглоға дауыс беруге шақырды. Алайда социалистер өз кандидатын қолдауға басқа ешбір партияны көндіре алмады.

Додон сияқты, Стояногло да бірнеше іс бойынша қылмыстық тергеуге тартылған, ал бірнеше ісі сотта қаралып жатыр. Бұрынғы президент сыбайлас жемқорлық пен мемлекетке опасыздық қылмыстарына араласы бар деп айыпқа қалса, бұрынғы бас прокурорға сыбайлас жемқорлық пен билікті асыра пайдалану баптары бойынша айып тағылған. Екеуі де бұл істердің саяси астары бар, ол істер президент Сандудың нұсқауымен ашылған деп мәлімдеп, тағылған айыптарды жоққа шығарып отыр.

Бельцы қаласының бұрынғы мэрі Ренато Усатый центристік "Біздің партиядан" канидат ретінде сайлауға қатысып жатыр. Ол 2020 жылы да президент сайлауына түсіп, Санду мен Додоннан кейін үшінші орын алған.

Коммунистік билік кезіндегі бұрынғы премьер-министр, "Молдова болашағы партиясынан" кандидат Василе Тарлев егер осы жолы президент болып сайланса, "Молдованы инновация мен экономикалық даму еліне айналдыратын индустрияландыру бағдарламасын бастауға" уәде берді.

Гагауз автономиялық аймағының бұрынғы басшысы Ирина Влах өз сайлауалды бағдарламасы "адамдардың нақты мәселелерін шешуге" бағытталған деп мәлімдеген, бірақ нақты қандай мәселелер екенін ашып айтпады.

Президенттікке тағы бір үміткер, журналист Наталья Морар елдің қазіргі басшылығын қатты сынға алды. Морар Молдова азаматтары Еуропаның өзге елдеріне жаппай кетіп жатқандықтан ұлт жойылып кету қаупі бар деп мәлімдеді. Өзі президент болып сайланған жағдайда Молдованы "жаңа экономикалық ғажайып еліне" айналдыру үшін ең әуелі экономикалық дамуды қолға аламын деп уәде етті.

Әлемнің 37 елінде Молдованың дипломатиялық өкілдіктері жанынан дауыс беру учаскелері ашылған. Ресейдегі екі учаске де Молдованың Мәскеудегі елшілігінде орналасқан. Азаттық радиосының Молдова қызметі жексенбі күні таңертең Ресейде тұратын молдовандар дауыс беру үшін кезекте тұрды деп хабарлады.

Украинада да екі сайлау учаскесі бар – Киев пен Одессада орналасқан. Ең көп сайлау учаскелері Италияда, олардың ұзын-саны – 60. Сондай-ақ, Германияда – 26, Францияда – 20 және Ұлыбританияда – 17 дауыс беру учаскесі жайғасқан. Ал Румыния мен АҚШ-тың әрқайсында 16 сайлау учаскесі ашылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Кремль 2024 жылы сайлауларға араласқанда қолданатын бес амал