Ресей тұтқында өлген журналистің сүйегін Украинаға бермей отыр

Виктория Рощина

Ресей тұтқынға түсіп көз жұмған журналист Виктория Рощинаның сүйегін Украинаға әлі берген жоқ. Бұл туралы әскери тұтқындар жөніндегі Украина штабының өкілі Петр Яценко хабарлады.

Марқұмның әкесі Ресей қорғаныс министрлігінен алған хатта журналист 19 қыркүйекте қаза болған, оның сүйегі Украинаға "тұтқындар мәйіті алмасқан кезде" беріледі деп жазылған. Киев пен Мәскеу 18 қазанда қаза тапқан сарбаздарының сүйегін алмасқан.

Рощинаның бұл тізімде не себепті болмағаны айтылмады. Петр Яценко "өкінішке қарай, бәрі қарсы тарапқа байланысты" және "репатриация журналистің қаза болғаны туралы хабардан кейін бірден басталды" деп мәлімдеді.

Журналист Виктория Рощина Ресей Украинаға басып кіргелі бері хабар таратып жүрген, Азаттықтың Украин қызметімен жұмыс істеген. Былтыр тамызда ол Ресей армиясы басып алған Запорожье облысы аумағының бір бөлігінде тұтқынға түскен. Биыл қазанның басында Рощинаның Ресейдің Таганрог қаласынан Мәскеуге апара жатқанда қаза болғаны белгілі болды. Украина бас барлау басқармасы журналист алмасатын тұтқындар тізімінде болған деп хабарлаған.

Рощинаның неден өлгені белгісіз. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, журналист биыл мамырдан қыркүйекке дейін Таганрогтағы №2 тергеу изоляторында жалғыз адамдық камерада отырған. Бұл жөнінде "Адам құқықтары үшін медиа бастама" ұйымының өкілі Татьяна Катриченко хабарлады. Осы изоляторда тұтқында болған, кейін еліне оралған Украина азаматтары қамауда отырғанда үнемі азапталғанын айтқан. Рощинаның қазасы бойынша Украина Бас прокуратурасы қылмыстық іс қозғады.

Киевтің мәліметіне сәйкес, шамамен 25 украин журналисі Ресей тұтқынында отыр.