Бразилия президенті Луис Инасио Лула да Силва дәрігерлер кеңесі бойынша, 22-24 қазанда Ресейдің Қазан қаласында өткелі отырған БРИКС саммитіне бармайды. BBC агенттігінің жазуынша, ол саммитке онлайн қатысады. Бразилия президентінің аппараты Лула да Силва резиденциясында құлап, желке тұсын ауыртып алды деп хабарлады.
Бразилия басшысы Ресейдегі шараға 20 қазанда ұшуы керек еді, саммиттің өзі сейсенбі күні, 22 қазанда басталмақ. Бразилия президентін ауруханада дәрігерлер қараған. Аурухана берді деген анықтамада 78 жастағы президент өз міндетін орындай алады деп жазылған, алайда алыс жаққа ұшуды уақытша қоя тұруды ұсынған.
БРИКС саммиті Мәскеу Киевке соғыс бастағалы бері Ресейде өтейін деп жатқан ең ірі халықаралық кездесу болмақ. BBC агенттігінің жазуынша, Ресей БРИКС-ке мүшелігі арқылы оны дипломатия тұрғысынан оқшаулауға тырысқан Батыс әрекеті жүзеге аспады деп көрсеткісі келеді. Бразилия президенті Лула да Силва Украинаға әскери қолдау көрсету мәселесі бойынша ұстамды көзқарасымен танымал.
18 қазанда Ресей президенті Владимир Путин Бразилияда қарашада өтетін G20 саммитіне бармайтынын растады. Бразилия – Путинді тұтқындауға ордер берген Халықаралық қылмыстық сотқа мүше ел, Ресей президенті өзі қабылдаған шешімге бұл ордер себеп емес деп мәлімдеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түркия "Түркістан" ұғымына неге оралды? Қазақстанның БРИКС-тен бас тартуының "сыры"