Қызылорда облысындағы дихандар биыл 55 мың гектар күріш алқабына су үнемдейтін технология қолданғаннан кейін 200 млн текше метрге жуық су артылып қалды. Оның бәрі Арал теңізіне жіберілді. Бұл туралы 21 қазанда су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, биыл суару маусымында Арал теңізіне шамамен 1 млрд текше метр су құйылған, 2023 жылғымен салыстырғанда су 3 есе көп жіберілген.
– Жыл басынан бері Кіші Аралға (Солтүстік Арал теңізі деп те айтылады – ред.) шамамен 2 млрд текше метр су жіберілді. Теңіздегі судың жалпы көлемі 22 миллиард текше метрге жетті, – деп хабарлады су ресурстары министрлігі.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, министрлік шаруалардың су үнемдейтін технологиялар енгізуге жұмсаған шығындарына байланысты субсидия көлемін 50 пайыздан 80 пайызға дейін өсірген. Министр алдағы үш жылда осындай технологияларың көмегімен егістікке су пайдаланатын шаруа қожалықтарына субсидия көлемі 50 пайыздан 85 пайызға дейін өседі деп мәлімдеді. Қызылорда облысында 84 мың гектар күріш алқабы бар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Сыр бойында шашым ағарды..." Арал апаты және бұрынғы су шаруашылығы министрі1960 жылдардан бастап Арал теңізінің деңгейі жылдам төмендей бастаған. Себебі Аралға құятын негізгі екі үлкен өзен – Әмудария мен Сырдария суын жағалаудағы бірнеше мемлекет егістік алқабын суаруға пайдаланып, оның аяғы экологиялық апатқа ұрындырды. Ақыр соңында теңіз тартылып, Кіші (Солтүстік) Арал және Үлкен Арал болып екі бөлініп кетті. Қазір Үлкен Арал – өлі теңіз. Мамандар Кіші Арал да Үлкен Аралдың кебін киюі мүмкін деп алаңдап отыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Суы тартылып, балығы азайып барады". Кіші Аралдың тағдыры не болмақ?