Оңтүстік Кореяның сыртқы істер министрлігі Ресей елшісі Георгий Зиновьевті шақырып, Солтүстік Корея сарбаздары Украинамен соғысу мақсатында Ресейге жіберілген болуы мүмкін деген ақпаратқа байланысты "өкініш" білдірді. Бұл туралы "Ренхап" агенттігі хабарлады.
21 қазанда Оңтүстік Корея сыртқы істер министрлігі жариялаған мәлімдемеде Сеул "Солтүстік Корея әскерін Ресейден дереу шығарып, мұндай кез келген әріптестікті тоқтатуды" талап еткен.
Ресей елшісімен Оңтүстік Корея сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ким Хон Гюн әңгімелескен. Зиновьев кездесу болғанын растады, бірақ оның жай-жапсарын айтқысы келмеді.
Кейін Оңтүстік Кореядағы Ресей елшілігінің баспасөз қызметі Ресей елшісі Оңтүстік Корея сыртқы істер министрінің пікірін тыңдап, Мәскеу мен Пхеньян әріптестігі Сеулдің қауіпсіздігіне бағытталмағанын айтты деп хабарлады. Ресей елшісі Мәскеу мен Сеул "Корей түбегіндегі шиеленісті не ушықтырады деген мәселеге екі түрлі қарайды" деп мәлімдеген деді Ресей елшілігінің баспасөз қызметі.
18 қазанда Оңтүстік Кореяның барлау қызметі КХДР Украинамен соғысып жатқан Ресейді қолдау үшін оған 12 мың әскер жіберуді ұйғарған деп хабарлады. Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль қауіпсіздік мәселесі бойынша шұғыл жиналыс өткізді. Ол Солтүстік Кореяның әскер жібергенін өз елі мен дүниежүзіндегі қоғамдастық қауіпсіздігіне төнген үлкен қауіп деп атады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Newsweek: Солтүстік Корея Ресейге ішінде қару бар 13 мың контейнер жеткізгенБұған дейін Украина әскери барлау қызметінің басшысы Кирилл Буданов 11 мыңға жуық Солтүстік Корея сарбазы Ресейдің шығысында дайындықтан өтіп жатыр деп айтқан. Оның сөзінше, сарбаздардың бірінші легі Курск облысына жіберілуге дайындалып жатыр. Украина президенті Владимир Зеленский де Солтүстік Корея сарбаздары Ресей армиясына қосылды деп мәлімдеген.
The Washington Post газеті Ресей жағында соғысуға дайындықтан өтіп жатқан Солтүстік Кореяның "бірнеше мың" сарбазы туралы хабарлаған. The Guardian басылымы Солтүстік Корея сарбаздары ресейліктерге KN-23 зымырандарын пайдалануға көмектесіп жатыр деп жазды.
Мәскеу мен Пхеньян Солтүстік Корея сарбаздары Украинадағы соғысқа бару үшін дайындықтан өтіп жатыр деген ақпаратты жоққа шығарды.
Ресей президенті Владимир Путин биыл маусымда Пхеньянға барып, Солтүстік Кореямен стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойған. Бұл шартқа сай, оларға үшінші ел шабуыл жасаса, екі тарап та "әскери және өзге де көмек" көрсетуге тиіс.
Екі ел билігі де Солтүстік Кореядан Ресейге қару-жарақ жеткізіледі деген ақпаратты жоққа шығарған.
Your browser doesn’t support HTML5