Сербия президенті Александр Вучич Ресейдің Қазан қаласында өтетін БРИКС саммитіне Белград атынан вице-премьер қатысады деп хабарлады, өйткені 23 қазанда Сербияға Польша премьер-министрі Дональд Туск сапармен бармақшы.
Вучичтің сөзінше, ол жақында Ресей президенті Владимир Путинмен сөйлескенде "белгілі бір жағдайларға" байланысты қалай болғанда да саммитке баруы екіталай екенін айтқан.
Сербия Ресейге қарсы "бірде-бір декларацияға қосылмаған Еуропадағы жалғыз ел" деп мәлімдеген Вучич.
БРИКС саммитіне Сербиядан вице-премьер Александр Вулин, қорғаныс, экономика министрлері және халықаралық экономикалық әріптестік мәселелеріне жетекшілік ететін Ненад Попович қатыспақ. Мұның алдында Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Сербия Еуропа Одағынан қысым көріп жатыр деп мәлімдеген.
21 қазанда "Европейская правда" сайты Армения БРИКС ұйымына қосылуды әзірге қарастырып отырған жоқ деп хабарлады. Сайттың жазуынша, бұл туралы Армения премьер-министрінің орынбасары Мгер Григорян айтқан. News.am мәліметінше, Григорян Армения 22-24 қазанда Ресейде өтетін БРИКС саммитіне қатысады деп мәлімдеген, бірақ Ереван бұл жолы ұйымға мүше болу мәселесін талқыламайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Резиденциясында құлап, басын соғып алған Бразилия президенті БРИКС саммитіне бармайды