22 қазанда YouTube-тегі "Жұрттың баласы" арнасының авторы Мұрат Даниярды полицияға шақыртқан. Бұл туралы автордың өзі Instagram-дағы парақшасында хабарлады.
Айтуынша, ол Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы 6 қазанда өткен референдум алдында "көрінеу жалған ақпарат таратты" деген күдікке ілінген. Оны Әуезов ауданы полиция басқармасына шақыртқан.
Шамамен бір сағаттан соң Мұрат Данияр журналистерге полициядан шыққанын айтты. Оның сөзінше, әлдекім оның үстінен "көрінеу жалған ақпарат таратты" деп арыз жазған. Полиция автордың үстінен іс қозғай ма, жоқ па, ол жағы әлі белгісіз. Мұрат Данияр полиция басқармасында "түсініктеме жаздым" деді.
Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметінің Азаттыққа айтуынша, Мұрат Данияр "профилактикалық әңгімеден" кейін босатылған. Оның үстінен хаттама толтырылды ма деген сұраққа "ақпарат жоқ" деп жауап берді.
Мұрат Данияр YouTube-тегі арнасында саясат, поп-мәдениет, қоғамда талқыланып жатқан оқиғалар жайлы видео жариялайды. Арнаның 405 мың жазылушысы бар. Бұдан бөлек, ол жемқорлықты зерттейтін Transparency International – Kazakhstan қорының атқарушы директоры.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Журналист сауалнама үшін жазаланды. Бұл сөз бостандығын шектеу ме?АЭС құрылысы туралы референдум қарсаңында, 3 қазанда Орал қалалық соты жергілікті "Уральская неделя" газеті "сайлаумен байланысты қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу ережесін бұзды" деп тауып, басылымға 110 мың теңге айыппұл салды. Газет 30 қыркүйекте YouTube-арнасында және телеграм-арнасында жарияланған, халық арасында АЭС құрылысы мен референдум жөнінде блиц-сауал жүргізгені үшін жауапқа тартылды.
Референдумның түпкілікті қорытындысына сәйкес, халықтың 71,12 пайызы АЭС құрылысын қолдаған. Ресми дерек бойынша, дауыс беру құқына ие 12 284 487 Қазақстан азаматының 63,66 пайызы, яғни 7 820 204 адам референдумға қатысқан. 5 561 937 адам елде АЭС салуды қолдаған, 2 045 271 адам қарсы болған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жалған ақпарат туралы бап белсендіні қудалайтын құралға айналды ма?Бұған дейін Батыс елдері мен халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін 274-бапты азаматтарды қудалауға қолданбауға жария түрде үндеген.
2017 жылы Amnesty International құқық қорғау ұйымы "Жазба жарияламастан бұрын ойлан: Қазақстанда әлеуметтік желілердегі пікірін еркін білдіру кеңістігін жою" атты есебінде 274-баптың азаматтық белсенділерге қарсы қолданылған жағдайларды тізіп, мұндай тәжірибені сынға алған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Жалпыұлттық диалог" па, "автократтың сценариі" ме?