Беларусьте президент сайлауы 2025 жылы 26 қаңтарда өтеді. Мұндай шешімді Беларусь парламенті өкілдер палатасы 23 қазанда қабылдады.
Беларусь заңына сәйкес, алдағы президент сайлауы 2025 жылы шілдеден кешіктірілмей өтуі керек еді. Беларусь билігі сайлау не себепті қаңтарда өтеді деп белгіленгенін, Александр Лукашенконың қазіргі президенттік мерзімі неге 5 жылдан 4 жарым жылға түскенін түсіндірмеді.
Бұған дейін BelPol дейтін бұрынғы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің оппозициялық бірлестігі дереккөздеріне сілтеп, сайлау 23 ақпанға белгіленуі мүмкін деп мәлімдеген.
Беларусьті 30 жылдан бері басқарып келе жатқан авторитар басшы Александр Лукашенко алда болатын президент сайлауына қатысқысы келетінін әлі айтқан жоқ, Бірақ комментаторлар Лукашенконың биліктен кетер ниеті жоқ, сондықтан ол жетінші мерзімге сайлануға өз кандидатурасын ұсынады деп есептейді. Беларусь заңы бұған тыйым салмаған.
2020 жылғы тамызда өткен сайлау қорытындысы бойынша Беларусьтің орталық сайлау комиссиясы Александр Лукашенконы жеңімпаз деп жариялаған. Тәуелсіз бақылаушылар сайлау күнінде заң көп бұрмаланғанын, топтап бюллень салынғанын айтты. Лукашенко қарсыластарының көбі сайлауда іс жүзінде Светлана Тихановская жеңді, нәтиже бұрмаланды деп есептейді.
Сайлаудан соң ел аумағында жүздеген мың адам қатысқан наразылық шерулері өтті, Лукашенко режимі оларды ерекше қатыгездікпен басып тастады. Беларусь ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, 2020 жылғы тамыз-қараша аралығында 13 мыңнан астам адам ұсталған. БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғары комиссары ұсталғандар азапталып, зорланғанын, көп адам түрлі деңгейде зорлық-зомбылыққа ұшырағанын айтты.
Беларусьте қазір мыңнан астам саяси тұтқын бар, көптеген оппозиция лидері елден кеткен. Елде оппозицияға заңды түрде жұмыс істеу іс жүзінде мүмкін емес. Осыған байланысты оппозициялық демократиялық күштер 2025 жылы Беларусь президентін сайлау еркін болмайды және халықаралық қауымдастық оны мойындамауы керек деп бірнеше рет мәлімдеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Тихановскаядай символ керек". Беларусьтегі шерулер Қазақстан оппозициясына қалай әсер етеді?АҚШ пен Батыстың басқа елдері 2020 жылғы Беларусьтегі сайлау нәтижесін ресми түрде мойындамады, Лукашенконы заңды түрде сайланған президент деп санамады, бірақ ресми Минскімен де-факто қарым-қатынасын жалғастырып отыр.
Соңғы жылдары Беларусь Ресейге жақындай түсті, ел аумағында Ресей контингенті мен тактикалық ядролық қару орналастырылды. Соның салдарынан Минскіге қарсы санкциялар салынды.
Ресейдің Беларусьтегі елшісі Борис Грызлов президент сайлауынан кейін елде "тұрақсыздандыру" әрекеті болған жағдайда Беларусь билігі көмекке жүгінсе, Ресей билігі көмектеседі деп мәлімдеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жаппай наразылықты жаншыған соң билік Лукашенконың жеңісін жариялады