Солтүстік Корея билігі Украинадағы соғыста Мәскеуді қолдау мақсатында Ресейге жіберген сарбаздарының отбасын оқшаулайды. Бұл туралы Оңтүстік Кореяның барлау агенттігіне сүйеніп "Ренхап" агенттігі хабарлады. Сеулдің мәліметінше, Солтүстік Корея ішінде Ресейге әскер жіберу жөнінде ештеңе айтылмаған, бірақ бұл ақпарат жұрт арасында біртіндеп тарап жатыр.
Агенттіктің хабарлауынша, Оңтүстік Корея барлау қызметінің басшысы Чан Хо Чжин Ресейде жайғасқан Солтүстік Корея әскері туралы баяндаған. Сеулдің ақпаратына сәйкес, Ресейдегі оқу-жаттығу базаларында Пхеньянның үш мың сарбазы жүр, желтоқсанға дейін олардың саны 10 мыңға жетуі мүмкін.
Оңтүстік Кореяның барлау қызметі Солтүстік Корея сарбаздары әлі майданға жіберілген жоқ, оларға әскери техника мен дрондарды қалай қолдануды үйретіп жатыр деп мәлімдеді. Ақпаратқа қарағанда, ресейлік нұсқаушылар Пхеньян сарбаздары жаңа замандағы соғысты түсінбесе, шығынға ұшырайды деп санайды.
"Ренхап" материалында Ресей әр сарбазға айына шамамен 2000 доллар төлейді деген ақпарат бар. Солтүстік Кореядағы орташа жалақы 2022 жылғы жағдай бойынша 1-3 доллар деп бағаланған. Қаржының көп бөлігі Солтүстік Корея сарбаздары мен олардың үй-ішінің қолына жетпей, мемлекетте қалуы мүмкін.
Пхеньян Ресейге әскер жіберді деген ақпаратты жоққа шығарды. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл ақпаратқа қорғаныс министрлігі түсінік беруі керек деп мәлімдеді. 23 қазанда АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин Солтүстік Корея әскері Ресейге жіберілді деген ақпаратты растады деп жазды The Washington Post басылымы.
Оның сөзінше, АҚШ Пхеньян сарбаздары Ресейге қандай мақсатпен жіберілгенін әлі білмейді. "Олардың мақсаты Украинадағы соғысқа Ресей жағында қатысу болса, онда бұл өте маңызды мәселе, – деді ол. – Мұның салдары Еуропаға ғана емес, Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы жағдайға да әсер етеді".
Your browser doesn’t support HTML5