Қазақстан ұлттық мереке – Республика күнін тойлап жатыр

Астана. 25 қазан, 2024 жыл. www.akorda.kz

Бүгін, 25 қазан – Қазақстанда ұлттық мереке – Респубилка күні. Осы күні түрлі қалада мейрамға байланысты мәдени, спорттық және әлеуметтік шаралар өтеді. Халықты мерекемен құттықтаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев мейрамды "жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайта түсуге ықпал ететін" күн деп атады.

13 жылдық үзілістен соң қайта мереке болып жарияланған Республика күні биыл үшінші рет тойланып жатыр.

Ресми мәліметке қарағанда Республика күні Астананың бес ауданында сағат 14.00 -15.30 арасында мерекелік концерттер өтеді. Негізгі концерттер «Бәйтерек» монументінің жанында, Орталық саябақта және Сарыарқа ауданындағы қалалық алаңда болады.

"Бұл жерлерде астана тұрғындары мен қонақтарына түрлі мәдени және спорттық шаралар ұйымдастырылады. Концерттік шараларға мәдени басқармаға қарасты мекемелердің шығармашылық ұжымдары, белгілі өнер қайраткерлері қатысады" делінген Астана әкімдігінің хабарламасында.

Жалпы Республика күніне орай Астанада 100-ден астам бұқаралық шара өтпек. Олардың арасында концерт, көрме, дөңгелек үстел, ұлттық спорт түрлерінен жарыс сияқты шаралар бар. Бұған қоса аз қамтылған топтарға азық-түлік таратылмақ. Кешкі 21.00-де Астанадағы Триатлон паркі маңында мерекелік отшашу болады.

Алматыда да түрлі мерекелік шара жоспарланған. Сағат 11.00-де «Медеу» мұз айдынында Мемлекеттік туды көтеру және Қазақстан әнұранын айту салтанаты өтпек.

Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл күнді "Қазақстанның егемен ел екенін әйгілейтін ұлық мейрам – сан ғасырлық тарихы бар мемлекеттілігіміздің қайта жаңғыруының символы" деп атады.

"Ұлттық мереке халқымызды мызғымас құндылықтар төңірегіне тоғыстырып, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайта түсуге ықпал етеді" деді Тоқаев.

Мейрам қарсаңында түрлі саладағы мамандарға мемлекеттік наградалар берілді.

25 қазанда атап өтілетін Республика күні – Қазақстандағы ұлттық мереке. 1995 жылы Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен ұлттық мереке деп жарияланған. 2009 жылы мемлекеттік мерекелер қатарынан түсіп қалып, 2022 жылы қайтадан ұлттық мереке мәртебесін алды.

1990 жылы 25 қазанда СССР құрамындағы Қазақ ССР-інің Жоғарғы кеңесі Егемендік туралы декларация қабылдаған. Онда Қазақстан "халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болуға, сыртқы саясатты өз мүделлеріне сай белгілеуге, халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуға құқығы бар" егемен мемлекет деп жарияланды.