Қырғызстан парламентінің спикері Нұрланбек Шәкиев елдің әнұранын өзгерту туралы ұсыныс тастады. Оның айтуынша, мемлекеттің гимні түсінікті әрі кез келген жастағы адам орындай алатындай жеңіл болуы қажет.
– Біз гимнді өзгертеміз. Себебі гимнді қабылдағанда Совет одағынан шыққан кез болған. Қазір біз аяғынан тұрған, өркендеу жолына түскен мемлекетпіз. Сол үшін гимнді өзгертуіміз керек. Барлық қырғыз елі айта алатын гимн болуы керек, – деді Шәкиев.
Жогорку кенеш спикері Қырғызстан әнұранын өзгерту туралы ұсынысты парламентте, Қара-Қырғыз автономиялық облысы құрылғанының 100 жылдығы және елдің мемлекет қайраткері Иманәлі Айдарбековтың туғанына 140 жыл толу құрметіне өткен шарада айтты.
Парламенттің баспасөз қызметі бұл туралы басқа ақпарат берген жоқ.
2023 жылы Қырғызстанның мемлекеттік туын өзгерту туралы ұсынысты да Шәкиев айтқан. Көп даудан кейін елдің туындағы күн шапағының формасы өзгертіліп, парламент тудың жаңа нұсқасын бекіткен. Туды өзгертуге қарсылық көп болған. Кейін Қырғызстан президенті Садыр Жапаров туды өзгерту өзінің идеясы екенін, ол спикерден тек заң жобасын жасау жөнінде өтінгенін айтты.
Президент Садыр Жапаровтың баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов парламент төрағасының сөзін Шәкиевтің жеке пікірі деп қабылдау керегін айтты. «Мемлекеттік гимн өзгертіледі деп дүрбелеңге түсуге негіз жоқ» деп жазды ол Facebook парақшасында.
«Мемлекеттік гимнді өзгерту ұсынысы қабылданар болса, онда сөзіне, музыкасына ашық байқау жариялап, оған ақын, жазушы, композитор, философтар, әйтеуір мемлекеттік гимнді жоғары деңгейде жазып шығуға мүмкіндігі жетеді дегендер қатысып, олардың жұмысы халықтың көбінің қолдауына ие болуы керек» деп жазды Алагөзов.
Қырғызстанның әнұраны 1992 жылы 18 желтоқсанда қабылданған. Оның сөзін Жәлел Садықов пен Шабданбек Кулуев, әнін Насыр Давлесов пен Қали Молдобасанов жазған.