Зеленский БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриштің Киевке сапарын кейінге шегерді

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш және Ресей президенті Владимир Путин Қазандағы БРИКС саммитінде.

Украина президенті Владимир Зеленский БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутерриштің Киевке сапарын кейінге шегерді. Бұл жөнінде Украина президенті кеңсесіндегі дереккөздерге сүйенген France Presse және "РБК-Украина" ақпарат агенттіктері хабарлады. Бұған Гутерриштің Қазандағы БРИКС саммитіне қатысуы түрті болған.

Бейсенбі күні өткен БРИКС саммитінде Гутерриш халықаралық қауымдастық басшыларын, оның ішінде Ресей басшысы Владимир Путин де бар, Украинада "әділ бейбітшілік" орнатуға қол жеткізуге шақырған. Зеленскийдің кеңсесі Гутерриштің Ресейге сапарын "халықаралық құқықты қорлау" деп бағалады.

Украинаның СІМ Гутерриштің Ресейге сапарын айыптады.

"БҰҰ бас хатшысы Украинаның Швейцарияда өткізген алғашқы ғаламдық бейбітшілік саммитіне шақыруын қабылдамаған еді. Алайда әскери қылмыскер Путиннен Қазанға шақыруды қабылдады. Бұл бейбітшілікке жетелемейтін дұрыс емес таңдау. БҰҰ-ның беделіне нұқсан келтіреді" деп жазылған Украинаның СІМ хабарламасында.

Гутерриш Путинмен кездесу кезінде Ресейдің Украинаға басып кіруі БҰҰ жарғысы мен халықаралық құқыққа қайшы екенін тағы ескертті. Ол БРИКС саммитінен кейін бірден Киевке баруды жоспарлаған, алайда Зеленский кеңсесі оның сапарын растамады.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, БҰҰ мен Украина Гутерриш пен Зеленский кездесуі жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр, алайда екі жетекшінің қашан кездесетіні белгісіз.

  • Антониу Гутерриш Ресейдің Украинаға басқыншылығын бірнеше рет сынап, соғыс әлемдегі бейбітшілікке нұқсан келтіретінін айтқан. 2024 жылы сәуірде БҰҰ бас хашысының өкілі Стефан Дюжаррик Антониу Гутерриш Украинаның территориялық тұтастығын сақтай отырып соғысты аяқтауды қалайтынын айтқан.