АҚШ-тың барлау қызметі "Трампқа дауыс бергендердің бюллетендерін жойып жатқаны" туралы әлеуметтік желіде тараған фейк видеоға ресейлік субъектінің қатысы бар деген қорытындыға келді.
Видео 24 қазанда X желісінде пайда болды және миллион рет қаралған. Видеода қара нәсілді адам Трампқа дауыс берген бюллетеньді жойып, оның қарсыласы Камара Харриске дауыс берген бюллетенге тиіспейді.
Ұлттық барлау басқармасының директоры, ФБР және АҚШ киберқауіпсіздік агенттігі жетекшісінің мәлімдемесінде видеоның фейк екені жазылған. Бұған дейін Пенсильвания билігі де видеоның жалған контент екенін мәлімдеген.
"Ресейлік субъектілер" АҚШ-тағы сайлаудың ашықтығы мен әділдігіне күмән келтіру мақсатында және америкалықтар арасында араздық тудыру үшін осындай видео жасап, таратқан деп жазылған мәлімдемеде.
Бұған дейін барлау қызметі Ресейдің АҚШ-тағы сайлау процесіне араласқаны жөнінде бірнеше рет хабарлаған. Ондағы басты мақсат сайлау нәтижесіне әсер ету емес, оның нәтижесіне сенімсіздік пен АҚШ азаматтары арасында араздық тудыру болғаны айтылған. Одан бөлек, Камала Харрис туралы негатив ақпарат пен "билік оның пайдасына қарай дауысты бұрмалағысы келеді" деген мәлімдемелер жиі таралып отыр.
Сарапшылар видеоны «Storm 1516» немесе CopyCop деп аталатын ресейлік ұйыммен байланыстырады. Бұл кезінде Евгений Пригожин құрған бұрынғы «тролльдер фабрикасының» бөлігі деген болжам да бар. Пригожин мен оның АҚШ-тағы бірқатар құрылымдарының қызметкерлері бұған дейін 2016 жылғы президент сайлауына араласты деп ресми түрде айыпталған болатын. Ресей билігі мұндай айыптауларды жоққа шығарған.