АҚШ Киевке берген қаруын Солтүстік Корея сарбаздарына қолдануға шектеу қоймайды

Пентагонның ресми өкілі Сабрина Сингх

Солтүстік Корея сарбаздары Украина қарулы күштеріне қарсы соғысатын болса, Киевтің оларға америкалық қару қолдануына шектеу қойылмайды. Пентагон 28 қазанда осындай мәлімдеме жасады. АҚШ қорғаныс министрлігінің бағалауынша, Солтүстік Кореяның 10 мыңға жуық сарбазы Ресейдің шығысына оқып-жаттығуға жіберілген.

"Бұл сарбаздардың бір бөлігі Украинаға жақындап қалды, Мәскеу оларды Ресейдің Курск облысындағы Украина әскеріне қарсы шайқасқа сала ма деп алаңдаймыз", – деді Пентагон өкілі Сабрина Сингх.

Сингх АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин мен мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен осы аптада Оңтүстік Кореяның қорғаныс министрі Ким Ен Хен мен сыртқы істер министрлігінің басшысы Чо Тхэ Елді қабылдайды деп хабарлады.

НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте 28 қазанда Солтүстік Корея сарбаздары Ресейдің Курск облысына жіберілді деп мәлімдеді. Биыл тамызда Украина әскері Курск облысына кіріп, ондаған елді мекенді басып алған еді.

Your browser doesn’t support HTML5

Курскідегі кескілескен шайқас. Белгородта күйреген ресейлік взвод