Сот кішкентай қызды ұшаққа мінгізбей қойған әуекомпаниясын өтемақы төлеуге міндеттеді

Алматы халықаралық әуежайындағы FlyArystan ұшағы. 28 наурыз, 2023 жыл.

Сот 12 жастағы жолаушы Зере Ғалиеваны ұшаққа отырғызбай, рейстен алып қалып, әуежайда жалғыз қалдырған FlyArystan әуекомпаниясы қарайтын Air Astana компаниясына қыздың анасына моральдық өтемақы ретінде бес млн теңге (10 мың АҚШ долларына тең - Азаттық) төлеуді міндеттеді. Бұл туралы талапкердің адвокаты Данилхан Шағатаев телеграм-арнасында хабарлады.

Биыл 21 шілдеде Зере сыңары екеуі қазақстандық лоукостер FlyArystan әуекомпаниясының ұшағымен Астана – Орал рейсімен ата-анасына ұшып бармақшы болған. Адвокаттың жазуынша, FlyArystan 188 орындық ұшақты 180 орындық ұшаққа ауыстырып, оған 19-20 шілдедегі рейстермен ұша алмай, жолдан қалған басқа жолаушыларды отырғызған. Соған байланысты Зерені ұшаққа мінгізбей қойған.

Шағатаевтың ақпаратынша, екі ауыр шабаданы бар кішкентай қыз әуежайда бір сағаттан аса жалғыз қалған. "Бала жылап, не істерін білмеген" деді адвокат.

Әуекомпаниясы Зерені жалғыз өзін қонақүйге орналастыруды ұсынған, бірақ қыздың анасы оған келіспеген. "Баланың қауіпсіздігіне ешкім кепілдік берген жоқ" деді Шағатаев. Кейін Зереге оның туысы барған, адвокаттың сөзінше, әуекомпания өкілдері ол кісіні қонақ үйге орналастырудан бас тартқан. Олар сотта қонақүймен келісімшартқа сәйкес, онда тек жолаушылар тегін тұра алады деп түсіндірген.

Тамызда Зеренің анасы Жазира Мусина әлеуметтік желідегі парақшасында өзіне FlyArystan компаниясы ұсынған 4 млн теңге өтемақыдан бас тартқанын, сотқа жүгінетінін мәлімдеді. Кейін FlyArystan басшысы Ричард Леджер Оралға барып, Мусинамен кездескен. Көлік министрлігі тараптар оқиғаны егжей-тегжейлі талқылады деп хабарлаған. Әуекомпанияның ресми өкілі Зеренің отбасынан кешірім сұраған.

Қыркүйекте адвокат Данилхан Шағатаев азаматтық авиация комитеті Air Astana әуекомпаниясының үстінен хаттама жазып, істі әкімшілік сотқа жіберді деп хабарлады. Компания әкімшілік жауапқа тартылып, оған 1000 АЕК (шамамен 3,69 млн теңге) айыппұл салынды.

Қазақстандық лоукостер FlyArystan – Air Astana әуекомпаниясының еншілес компаниясы, 2019 жылғы мамырдан бері әуе көлігімен жолаушы тасымалдау саласында жұмыс істеп келеді.