Әскерде "таяқ жеген" сарбаз соты: лейтенант 7 жылға сотталды

Әскерде көз жұмған сарбаз Досымжан Сәлімжан соты. Айыпталушы Жанбота Шәкіров сотта сөйлеп тұр. Алматы, 29 қазан, 2024 жыл.

29 қазанда Алматы гарнизоны әскери соты әскерде борышын өтеп жүргенде "таяқ жегенін" айтқан, кейін госпитальде көз жұмған сарбаз Досымжан Сәлімжан ісінде айыпталушы Жанбота Шәкіровті "Билiктi асыра пайдалану" бабы бойынша кінәлі деп танып, оған 7 жыл жаза кесті. Сот оны лейтенант атағынан айырды.

Бұған дейін прокурор соттан айыпталушыға 7 жыл жаза беруді сұраған. Шәкіров әскери антын бұзып, қылмыс жасады деді мемлекеттік айыптаушы. Ол командирдің қылмыстық әрекеті Досымжан Сәлімжанның өлімімен ұштасқан ауыр зардапқа әкеп соқтырды деп мәлімдеді. Прокурордың сөзінше, оның кінәсі толық дәлелденген.

Айыпталушы Жанбота Шәкіров сарбаздың өліміне "қатысым жоқ" деді. Ол лауазымды міндетіне, антына берік болғанын айтты.

– Марқұмның өліміне қатысым болса, іс-әрекетімді мойныммен көтеріп, тиісті жазамды алар едім. Сонау жерден әке-шешемді жүгіртпес едім. Осы оқиға болған кезде прокурорларға өзім барып, баяндағанмын. Жауыздық іс-әрекеттен аулақпын, – деді Шәкіров.

Оның адвокаты "куәлер сөзі күмәнді, болжамдарға негізделген, айып ойдан құрастырылған, қылмыс дәлелденген жоқ" деді.

Шәкіров сотта Досымжан Сәлімжанның ата-анасынан кешірім сұрады, сарбаздың анасы Ардақ Иманғалиева "кешірім сұрама" деп көзіне жас алды.

– Отанын қорғауға барған азаматтар арасында ұрып-соғу, өлтіру тоқтауы үшін менің балам құрбан болуы керек болған шығар. Құрбан болып та кетті. Ең жоғарғы жаза сұраймын, – деді Иманғалиева.

2023 жылғы қазанда Атырау облысы Құлсары қаласынан әскерге шақырылған 19 жастағы Досымжан Сәлімжан борышын Жетісу облысы Сарыөзек ауылындағы №29108 әскери бөлімінде өтеп жүрген. Биыл 3 мамырда бүйрегі ауырғаннан әскери госпитальге түскен жауынгер он күннен соң сонда қайтыс болды. Клиникалық диагноз бойынша, Сәлімжанның өлімі "бүйрек ауруынан" болған. Сот-медициналық диагнозда "қолқа аневризмасы жыртылғаннан" болды деген. Айыптау актісінде Шәкіровтің Досымжанды жиі ұрғаны жазылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Күнде таяқ жеймін". Әскерде қыршын кеткен Досымжан"Бүйірінен, басынан ұрған". Әскерде қаза болған сарбаздың ісі бойынша сот басталдыӘскерде көз жұмған сарбаздың соты: туыстары оған 300 мың теңге аударғанын айтты