Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолияға сапарында сол елдің басшысы Ухнаагийн Хурэлсухпен стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларацияға қол қойды.
Тараптар екі ел арасындағы достық қарым-қатынас пен саясат, сауда, экономика, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика, білім беру, мәдениет және туризм сияқты түрлі саладағы серіктестікті кеңейтуді, өңірдегі және халықаралық алаңдар шеңберіндегі ынтымақтастықты тереңдетуді мақұлдаған.
Қазақстан мен Моңғолия арадағы мәдени байланысты тереңдетіп, көшпенділер мәдениетін дүниежүзіне таратуға байланысты ынтымақтастық орнатуға келісті.
Ақорданың хабарлауынша, Астана мен Ұлан-Батыр кезең-кезеңімен көлік және логистика бойынша жаңа бағыттар құруды, туризм саласындағы әріптестікті кеңейтуді көздеп отыр.
Тоқаев пен Хурэлсух шағын құрамдағы келіссөзде ауыл шаруашылығы, тау-кен және металлургия кешені, энергетика, көлік-логистика, қаржы саласындағы қарым-қатынас жайын талқылаған.
Кең құрамдағы келіссөзде Тоқаев Астана моңғол студенттеріне квота санын көбейтуге дайын деп мәлімдеген. Қазақстан президенті екі ел ғалымдарын ортақ тарихты зерттеуге шақырды. Ақорданың жазуынша, Хурэлсух Қазақстан мен Моңғолия арасындағы тауар айналымын 500 миллион долларға жеткізу туралы ұсынысты қолдаған. Тоқаевтың сөзінше, былтыр сауда-саттық 150 миллион долларға жуықтаған.
Моңғолияда 100 мыңға тарта қазақ өмір сүреді. Қазақстан басшысы сапар барысында осы жайтты да атап өтті. "Моңғолиядағы қазақ диаспорасы - берік достықтың алтын көпірі. Қандастарымызға қамқор болып жүрген Моңғолия басшылығы мен халқына алғыс айтамын" деді Тоқаев Моңғолия президентімен бірге өткен брифингте.
Ол "Қазақстанда мал ауруларына қарсы вакцина шығаруға мүмкіндік бар. Алдағы уақытта Моңғолияда вакцина өндірісін ашуға келістік" деп мәлімдеді. Тоқаев Астана Моңғолияның Еуразия экономика одағымен еркін сауда туралы келісім жасау ниетін қолдайды деді.
Тоқаев Моңғолия парламентінің төрағасымен және премьер-министрімен кездескен, Ұлан-Батыр қаласындағы Шыңғыс хан ұлттық музейіне барған.
Қазақ-моңғол президенттері кездесуінде Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында өмір сүретін қазақтар туралы не айтылғаны белгісіз, Ақорда ондай ақпарат таратпады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Моңғолияда қалып қойған қазақстандықтар Тоқаевтан көмек сұрады