Грузия президенті Саломе Зурабишвили Батыс елдерін Грузияда 26 қазанда өткен парламент сайлауы қорытындысын қайта қарау үшін билікте отырған "Грузин арманы" партиясына қысым көрсетуге шақырды.
"Қысым көрсетілмесе, бұл Батыстың Грузияны Батыс жағында және Еуропа бағытында ұстап қалуға қолдан келгенше тырыспағанын білдіреді", – деді Зурабишвили Азаттықтың Грузин қызметіне берген сұхбатында.
Орталық сайлау комиссиясы биылғы сайлауда "Грузин арманы" партиясы сайлаушылардың 54 пайызға жуығының қолдауына ие болып, жеңіске жетті деп жариялаған. Грузия заңына сәйкес, бұл партия үкіметті өзі жасақтайтын құқыққа ие болады.
ОСК парламентке бес пайыздық межені еңсерген батысшыл төрт оппозициялық күш те өткенін хабарлады: "Өзгерістер үшін коалициясы" – 18, "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясы – 17, "Қуатты Грузия" – 14, "Гахария Грузия үшін" партиясы – 12 орын иеленді.
Сайлаудың ресми қорытындысына келіспеген президент Зурабишвили мен оппозиция "300 мыңға жуық дауыс биліктегі партияның пайдасына бұрмаланды" деп мәлімдеді. Грузия президенті "Грузин арманы" партиясы "сайлау науқанында ресейлік нарративтер қолданғаны" туралы да айтты.
Грузия заңы бойынша, президент рәсімдік функция ғана атқарады, яғни елдегі мемлекеттік органдардың Конституцияны сақтауын қамтамасыз етеді, сонымен бірге халықаралық келісімдерді бекіту кезінде мемлекет атынан қатысады. Бұған қоса президент елшілер мен өзге де дипломатиялық өкілдерді тағайындайды.
Атқарушы билік тармағын премьер-министр басқарады. Кейінгі 12 жылдан бері үкімет басында парламентте көпшілік дауысқа ие болған "Грузин арманы" партиясы отыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Парламентке кіруден бас тартқан оппозиция сайлауды қайта өткізуді талап еттіЕҚЫҰ өкілдері Грузиядағы сайлау процесі халықаралық демократия стандарттарына сай өтпеді деді. Ұйым дауыс сатып алу, екі рет дауыс беру, күш көрсету және қорқытып-үркіту сияқты жайттар болды деп мәлімдеді. ЕҚЫҰ сайлау тікелей бұрмаланды деген фактіні растаған жоқ.
Зурабишвили Азаттықтың Грузин қызметіне берген сұхбатында жергілікті ұйымдар сайлаудағы заңсыз әрекеттерді дәлелдеу үшін деректер жинап жатыр деді. Орталық сайлау комиссиясы 29 қазанда әр сайлау округіндегі бес учаскеде бюллетендер қайта саналады деді.
28 қазан кешке Тбилисидегі Грузия парламенті алдына мыңдаған адам жиналып, парламент сайлауының ресми қорытындысына наразылық білдірді. Оппозиция халықаралық бақылаушылардың қадағалауымен сайлауды қайта өткізуді талап етті.
2012 жылдан бері билікте отырған "Грузин арманы" партиясы бұрын Еуропаға бағдар ұстайтынын мәлімдеп келсе, кейінгі жылдары Ресейге бетбұрыс жасап жатыр деп сын айтып жүр оппозиция. Билеуші партия мұндай ақпарат шындыққа жанаспайды деді.
Ресей Мәскеу Грузиядағы сайлауға араласып отыр деген мәлімдемені жоққа шығарды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Билеуші партия жеңгенін жариялап, оппозиция мойындаудан бас тартты