Атырау облысының апелляция соты Мақат ауданының бұрынғы әкімі Ринат Ибрагимовтің жазасын айыппұлға ауыстырды. Бірінші сатыдағы сот Ибрагимовті бұрынғы әйелінің "денсаулығына қасақана зиян келтіргені үшін" айыпты деп танып, бостандығын екі жылға шектеген еді. 28 қазандағы сот шешіміне сәйкес, Ибрагимов енді 700 АЕК-ке тең, яғни 2 млн 415 мың теңге (шамамен бес мың доллар) айыппұл төлеуге тиіс.
Апелляция алқасы жәбірленушінің жауабы мен сот-медицина сараптама қорытындысы Ринат Ибрагимовтің айыбын дәлелдеді, алайда жәбірленуші материалдық жағынан сотталушыға тәуелді болды деген саралау белгісі дұрыс қолданылмаған, себебі бұған дәлел келтірілмеген деп тапты.
Сотта Ибрагимовтің бұрынғы әйелі Ақмарал Үмбетқалиева кәсіппен айналысқан, жеке табысы болған деп айтылды. "Оның шотына ақша түсіп отырған", – деді апелляция алқасы.
Үмбетқалиева 29 қазанда Азаттыққа берген пікірінде "апелляция шешіміне келіспеймін" деді. Ол бұған дейін бірінші сатыдағы сот шешіміне де келіспей, Ибрагимовті бостандығынан айыруды сұрап, апелляциялық шағым бергенін айтты. Сөзінше, оның адвокаты қаладан тыс жерде жүрген соң сот шешімін жариялауды кейінге қалдыруды сұрап жүгінген, бірақ сот ол өтінішін орындамаған.
Бұған дейін бірінші сатыдағы сот Ибрагимов Үмбетқалиевамен жанжал кезінде оны "еденге құлатып, сол жақ санынан бірнеше рет тепкен, салдарынан жәбірленушінің 5-омыртқасы сынып, орта дәрежелі зақым алған" деп хабарлаған. Сот шешімі бойынша, Ибрагимов жәбірленушіге 2 млн теңге моральдық өтемақы төлеуге тиіс болған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бұрынғы әйелінің "денсаулығына зиян келтірген" экс-әкімнің бостандығы шектелдіБиыл мамырдың ортасында Үмбетқалиева әлеуметтік желіде видео жариялап, жылдар бойы Ибрагимовтен қорлық көргенін айтып, көмек сұраған. Ибрагимов оның сөзін "жала" деп атап, бұл ақпарат бойынша "БАҚ өкілдерін асығыс қорытынды жасамауға" шақырған.
Үмбетқалиеваның видеосынан кейін Атырау облысы әкімдігі қызметтік тексеру жүргізген. Кейін жергілікті ақпарат құралдары Ибрагимов Мақат ауданы әкімі қызметінен "өз еркімен" кетті деп хабарлады.
Ринат Ибрагимов еңбек жолын "Атырау облысы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі" мемлекеттік мекемесінде дзюдо күресінен жаттықтырушы-мұғалім болып бастаған. Ол Пекин (2008 жылы) және Лондон (2012 жылы) олимпиадаларына қатысқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бишімбаев ісінен кейін әйелдер үйдегі әлімжеттікті жиі айта бастады