Киев пен Мәскеу энергетикалық нысандарына шабуыл жасамауды талқылай бастады - Financial Times

Ресейдің мұнай базасындағы өрт. 2024 жылдың қаңтары.

Британиялық Financial Times дипломатиядағы дереккөздеріне сілтеп, Ресей мен Украина бір-бірінің энергетикалық инфраструктураларына шабуыл жасауды тоқтатуды талқылай бастады деп жазды. Бұл келіссөзге Катар араағайын болып жатыр.

Ал келіссөзден хабары бар Кремльдің бұрынғы қызметкері Ресей президенті Владимир Путин Курск облысынан Украина әскері толық шығарылмай қандай да бір келіссөзге бармайды деп есептейді. Келіссөзге қатысып жатқан жоғары лауазымды украиналық шенеунік Мәскеу мен Киев кейінгі уақытта бір-бірінің энергетикалық инфрақұрылымына шабуылдың жиілігін қысқартқанын айтады. Бірақ Киев Ресей аумағына соққы жасауға, соның ішінде мұнай зауыттарына шабуылды жалғастыра береді. Украина осы арқылы Ресейдің келіссөзге итермелемек.

Financial Times басылымының украиналық төрт дереккөзі былтыр күзде Киев пен Мәскеу бір-бірінің энергетикалық нысандарына шабуыл жасамауға "үнсіз келіскенін" айтады. Газеттің жазуынша, "осыдан соң Ресей Украинаның энергетикалық инфрақұрылымдарына шабуылды азайтқан. Бірақ Украина 2023 жылғы қарымта шабуылы сәтсіздікке ұшыраған соң ақпан-наурызда Ресейдің мұнай базаларын шабуылдай бастаған".

Бірнеше апта бұрын Украина президенті Владимир Зеленский Financial Times басылымына берген сұхбатында "екі тарап бір-бірінің энергетикалық инфрақұрылымдарына шабуылды тоқтатса, бұл соғыстың негізгі фазасын аяқтауға алғашқы қадам болар еді" деген.

Ресей Украинаның энергетикалық инфрақұрылымдарына жиі шабуыл жасайды. Путин мұны Украинаны "демилитаризациялау" процесі деген еді. Ол Украина бұл құрылымдарды қорғаныс кешендеріне пайдаланып жатыр деп санайды. Кейін Украина дрондармен Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарын шабуылдай бастады.