Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі "Астана" халықаралық қаржы орталығының базасында Telegram мессенжерінің кеңсесін тіркеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын хабарлады.
"Біз мессенжерлермен, Telegram, Meta сияқты компаниялармен ынтымақтастық орнатып жатырмыз. Қазіргі кезде Telegram-ның кеңсесін ашумен айналысып жатырмыз. Астана халықаралық қаржы орталығының базасында тіркеп жатырмыз. Осылайша Astana Hub-та Telegram кеңсесі орналаспақ. Контентті модерациялайтын нақты бір өкілі де тағайындалған" деді 31 қазан күнгі сенаттың пленарлық отырысында цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.
Министрдің айтуынша, Қазақстан заңнамасы бұзылған жағдайда Telegram "өтініштерді жедел қарап, арнаны бұғаттап, өшіруге көмектеспек".
Мәдиев Meta компаниясымен де әріптестік орнатылғанын айтты. Оның сөзінше, компания ресми органдардың араласуынсыз-ақ - қолданушылардың шағымы негізінде аккаунттарды бұғаттайды.
Астана Telegram корпорациясының Қазақстанда кеңсесін ашу туралы келісімге қол жеткізгенін қазан ортасында хабарлаған.
Telegram-ның негізін қалаған Павел Дуров биыл тамызда Әзербайжаннан Францияға жеке ұшақпен ұшып барғанда мессенджер қызметіне байланысты ұсталып, кейін сот оны бақылауға алды. Француз билігі Telegram құқық қорғау органдарына тергеу жүргізуге қажет ақпаратты бермеді деді. Қыркүйекте Дуров Telegram корпорациясы "заңды негізбен сұрау салған" қауіпсіздік органдарына қосымшаны заң бұзу үшін пайдаланатын мессенджер қолданушыларының IP-мекенжайы мен телефон нөмірін береді деп хабарлады.